Астаналықтардың тұрмысы қалай жақсарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астаналықтардың тұрмысын жақсарту үшін,  нақты қадамдар жасалады», - деп мәлімдеді Астана әкімі Әсет Исекешев «Қаланың ДНҚ-сы: Қауымдастық. Бизнес. Билік» атты урбан-форумда сөйлеген сөзінде. «Сапалы дамыған қала» деп аталатын панельдік сессияның барысында қала басшысы елорданы дамыту бойынша биліктің нақты жоспарларымен бөлісті.

Астаналықтардың тұрмысы қалай жақсарады

Астана орнықты дамыған қалаға айналуы үшін елорда билігі жаңа механизмдерді енгізуге құлшына кірісіпті. Өткен жылы Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмаларын және бүгінгі таңдағы сын-қатерлерді ескере отырып, 2020 жылға дейінгі Астананы дамыту жоспарына түзетулер енгізілген болатын.

«Негізгі міндет - елорда тұрғындарының тұрмысын жақсарту. Ол өмір сүру сапасын арттыру мен халықтың табысын өсіру арқылы қалыптасады. Бірінші бағыт бойынша, біз Экономикалық Ынтымақтастық Даму Ұйымы (ЭЫДҰ - орысшасы ОЭСР-авт.) елдерінің стандарттарын негізге алдық. Сонымен қатар, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына сүйенетін боламыз. Атап айтқанда, бұл - қолжетімді баспана, қауіпсіз қоғамдық көлік, қоршаған ортаның тазалығы, жасыл аймақтардың болуы және 20 нақты қадамда атап көрсетілген басқа мақсаттар»,- деп мәлімдеді Әсет Исекешев.

Әкімнің айтуынша, екінші бағыт - қала халқының табысын өсіру. Ол бас қаланың жаңа экономикалық саясаты арқылы түзіледі. Бұл бағытты дамыту мақсатында басымдық берілетін 10 сектор анықталған, соның көмегімен шағын және орта бизнесті қарқынды дамытуға мүмкіндік туады. Айтарлығы, ірі мегаполистердегі сияқты халыққа қызмет көрсету секторына ерекше көңіл бөлінеді.

Қала әкімі өз сөзінде қоғамдық көлікке қатысты ахуалдың мән-жайын толық білетінін, бұл салада қандай сын-қатердің барын ашық айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, әкімдік негізгі мәселелерді жедел шешудің жолдарын қарастыруда. «Біз қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін, үздіксіз іс-әрекетке көшеміз. Мысалы, алуан түрлі стратегия, таныстыру, форумдарды өткізуден гөрі, сол жиындарда айтылған, жария болған жоспарларды тезірек жүзеге асыруға  ұмтыламыз. Сонда ғана тұрғындар нәтижені сезініп, даму бағдарламаларына сеніммен қарайды. Менің ойымша, бағдарламаларды ұзақ дайындап, талқылаудың қажеті жоқ. Біз бір жоспарды тез іске асыратын болсақ, тұрғындар соның нақты нәтижесін көреді»,-деп түсіндірді әкім.

Қоғамдық көлік мәселелеріне арналған сессияда сөз сөйлеген БҰҰ-ның «Алматы қаласының тұрақты көлігі» атты даму бағдарламасы жобасының жетекшісі Елана Ерзакович бірқатар мәселелерді шешудің жолдарын нұсқады. «Қазір адамдар уақытты бағалайды. Яғни, қандай көлікпен жүруді емес, бір жерден екінші жерге жылдам жетуді ойлайды. Біздің бір қателігіміз бар. Қоғамдық көлікті дамытамыз деп, тек автобустарды жаңартумен әлектендік. Бірақ халық жаңа, жайлы автобуспен жүргенді ғана қаламайды. Олар көбінесе автобустағы қызмет көрсету деңгейіне, автобус жүргізушілеріне шағымданады. Себебі, қоғамдық көлік қызметтің бір түріне айналды»,- деді ол.

«Астана LRT» ЖШС-нің басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Халилевтің пікірінше, қоғамдық көлікті дұрыс жолға қою жүйесі халықты жаппай автокөліктерге отыру үдерісін тежейді. «Негізгі міндет - қоғамдық көлікке деген халықтың сұранысын арттыру. Өйткені, жеке автокөлікке қарағанда, бұл - жүйе. Алдағы уақытта Астанадағы қоғамдық көлікке бөлінген арнайы жолақтарды 80 пайызға дейін жеткізуге басымдық беріп отырмыз. Сонда ғана автобустар көліктердің тығынында тұрмайды. Егер басымдық бермесек, жұрт қоғамдық көлікті таңдамайды ғой»,- деген ойын жеткізді Рүстем Халилев.