Астаналықтарға биыл 2,4 млрд. теңгеге жуық айыппұл салынған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер департаменті қызметкерлері 2016 жылдың 8 айында 273 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.
Бұл туралы бүгін Астана қаласы Ішкі істер департаментінде өткен брифингте Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Нұржан Әділов мәлім етті.
«ІІД қызметкерлерімен 2016 жылғы 8 айында 273 318 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 264 748 әкімшілік істер бойынша 2 млрд. 3 млн. 623 мың 441 теңге көлемінде айыппұл түрінде шығарылды. Оның 803 млн. 767 мың 143 теңгесі өндірілді. Өндіру көлемі 40 пайыздан асады», - деп атап өтті Н.Әділов.
Оның айтуынша, бұған жол ережелерін бұзған жүргізушілер ғана емес, қоғамдық тәртіпті, қала тазалығын бұзған азаматтар да кіріп отыр.
«Әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуды арттыру мақсатында Астана қаласы ІІД-мен белгіленген жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта бес мыңнан астам мекемеге 16 мыңнан астам айыппұл салынған 180 млн. теңге сомасындағы қаулы жолданды. Сот орындаушыларына міндеттелген соманы өндіру үшін 700 млн. теңгеге жуық 80 мың қаулы жолданды», - деді ол.