Астаналықтарға ғана қызмет көрсететін жаңа орталық пайда болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі қалалық шешімдер орталығын ашады. Бұл туралы қала әкімі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сәулет және жер қатынастары бөліміндегі барлық мәселелер бойынша бюрократияны азайту үшін қалалық қызметтер орталығын құруды ұсынған едіңіз. Біз дамыған елдердің тәжірибесін қарастырдық. Осылайша, қалалық қызметтер орталығын ашуды ұйғардық. Мұндай орталықтар саны әр ауданда төртеуден кем болмауы тиіс, тіпті одан көбірек ашу қажет деп есептеймін», - деді Исекешев «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығында өткен жиналыста ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа.
Оның айтуынша, алғашқы орталық биыл «Astana Mall» сауда орталығында ашылады.
«Сәулет пен жер мәселелерінен бөлек, онда коммуналдық қызмет төлеміне қатысты барлық мәселелер енеді. Тұрғындардың көпшілігі жылу, жарық және су бойынша қайта есептеу мәселесін көтеріп жүр. Астанаэнергосбыт, Теплотранзит, Астана су арнасы, әлеуметтік қолдау қызметтері - яғни, 109 қызметіне хабарласу жеткіліксіз болып жүрген тұрғындарға арналады», - деп түсіндірді қала әкімі.
Әкім «Қалалық ХҚО» орнын таңдауға да ерекше мән берілетінін жеткізді.
«Мұндай орталықтарды автотұрағы үлкен, қоғамдық көліктер жиі жүретін орында ұйымдастырғымыз келеді. Бұл ретте сауда орталықтары - таптырмас шешім. Яғни, топтасып кезекте тұрмай-ақ, шәй ішіп, жер, сәулет, коммуналдық қызметтерді төлеу, білім беру мәселелері бойынша консультация алуға болады. Болашақта бұл қалалық қызмет көрсететін кеңейтілген ХҚО-ға айналады», - деп өз сөзін түйіндеді Ә. Исекешев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Әсет Исекешев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы туралы баяндап берген болатын.