Астаналықтарға тегін экопакеттер таратылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана тұрғындарына полиэтилен пакеттердің орнына қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін, өздігінен ыдырап кететін биопакеттер таратылды. Экологиялық акция Eurasian Resources Group бастамасымен елорданың бірнеше сауда желісінде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астаналықтарға тегін экопакеттер таратылды

Бүгін, яғни Бүкіләлемдік қоршаған орта күнінде Астанадағы Galmart, КеңМарт, Алма және SMALL сауда желілерінің сатып алушылары үшін ерекше шара ұйымдастырылды. Супермаркетке сауда жасауға келген дүкен қонақтарына әдеттегідей полиэтилен пакеттер емес, өздігінен ыдырап кететін, қоршаған ортаға зияны жоқ экопакеттер таратылды. Сырт көзге мұндай сөмкелер кәдімгі  полиэтилен пакеттен еш ерекшеленбейді, есесіне 2-5 жыл ішінде ыдырап кетеді. 

«Жылына әлемде 500 млрд полиэтилен  пакет пайдаланылады. Минут сайын шамамен бір миллиондай пластик бөтелке сатып аламыз. Соңғы 10 жыл ішінде пайдаланылған пластик көлемі соңғы 100 жылда қолданылған пластик ауқымынан көп. Сондықтан біздің топ Астана тұрғындарының назарын осылай аудартып отыр. Осы мақсатта арнайы биопакеттер шығарып, халыққа тараттық», - дейді Еуразиялық топтың (ERG) қоршаған ортаны қорғау департаменті директоры Талғат Төребеков. 
null 

Сатып алушылар үшін мұндай акция күтпеген оқиға, ал биопакеттер нағыз жаңалық болды. 

«Қолдану керек екен, мұндай экопакетті бірінші рет алып тұрмын. Тәжірибе жасап, пакеттің қанша уақытта ыдырап кететінін анықтап көремін. Қызықтырды. Әрине, пластиктен бас тарту керек», - деп пікірімен бөлісті Астана тұрғыны Елена Мирошникова. 

Дүкеннің кей қонақтары экологиялық дүниелерді бұрыннан пайдаланатынын айтты, алайда осы жолы таратылған пакеттер олар үшін де жаңа зат болып отыр екен. 

«Бір кездері қағаз пакеттер мен тоқыма сөмкелер ұстайтынмын, бірақ кейін кәдімгі пластикке қайта көштім. Акция өте пайдалы және маңызға ие. Болашақта тек экологиялық таза және зиянсыз компоненттер қолдануға толықтай көшу үшін, бұл шараның қазақстандықтарға жақсы ой салатынына  үміттімін», - дейді дүкен клиенті Динара Ысқақова. 
null 

Eurasian Resources Group басшылығы компанияның қоршаған ортаны ластауды тоқтату үшін бар күшін салып жатқанын айтады. 

«Өткен жылы Қазақстан бойынша табиғатты қорғау шараларына деп 20 миллиардтан астам бөлінді. Тазалау сүзгілерімізді қоршаған ортаға барынша аз әсер ету үшін оңтайландырып, шаралар қолданып жатырмыз», - деп сөзін қорытындылады Талғат Төребеков. 

Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні 1974 жылдан бері жыл сайын БҰҰ бастамасымен атап өтіледі. Осы жылы ол табиғатты пластикпен ластауға қарсы күреске арналып отыр. Ал Қазақстан 2018 жылы қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметінің 30 жылдығын атап өтуде. 

null