Астананың 2024 жылғы өңірлік жалпы өнім көлемі 15 триллион теңгеден асты

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде биылғы қорытынды бойынша елорданың өңірлік жалпы өнім көлемі 34 миллиард доллар болатынын айтты.

Астана
Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

-Қазір Астана қарқынды өсіп келеді. Түрлі бағыт бойынша белсенді жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 11 айда қысқа мерзімге арналған экономикалық индикатор 118,6 пайызға жетті. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер бойынша Астана алдыңғы орында тұр,-деді Президент. 

Сондай-ақ ол сөзінде елорданың көш басында болуы заңдылық екенін атап өтті. 

Биыл елордадағы тұрғын үй құрылысы 5 миллионға жуық шаршы метрді құрайды. Бұл елімізде пайдалануға берілген баспананың төрттен бірі және Орталық Азия аймағындағы басқа астаналардың көрсеткіштерінен бірнеше есе артық. 

Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2025 жылдың 11 айында 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайыз өсті. Яғни 6 миллиард доллар шамасында. 

Биылғы 11 айда сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсеткен Бұл –шамамен 22,5 миллиард доллар. Маған берілген мәлімет бойынша, қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түскен. Мұны қомақты қаржы деуге болады.

-Астананың 2024 жылғы өңірлік жалпы өнім көлемі 15 триллион теңгеден сәл асты. Бұл – 32 миллиард доллар. Биылғы қорытынды бойынша 34, тіпті, 35 миллиард доллар (17 триллион теңге немесе одан да жоғары) болады деп күтілуде. Ал қаладағы халықтың ресми саны 1,6 миллион адамға жеткен,-деді Мемлекет басшысы.

Осыған дейін Президенті Астананың басқа аймақтарға үлгі болуға тиіс екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар