Астананың Байқоңыр ауданында кешенді абаттандырылған 3 аула пайдалануға берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың Байқоңыр ауданында кешенді абаттандырылған үш аула пайдалануға берілді.

Аулаларды абаттандыру жұмысы аясында балалар ойын алаңдары жаңартылып, workout-құрылғылары орнатылды. Сондай-ақ демалыс аймақтары жасақталып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

— Бүгін — баршамыз үшін қуанышты күн. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ауламыз абаттындырылып, салтанатты түрде ашылып жатыр. Бұл игі іс барлық тұрғындарға қуаныш сыйлап отыр. Балаларға ойын алаңы, үлкендерге демалыс аймағы қарастырылған. Барша тұрғындардың атынан әкімдікке және осы іске үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз! — деді аула тұрғыны Гүлбаршын Оразбаева.

Жоба тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында тұрғындардың ортақ ұсыныстары аясында жүзеге асырылды.

— Абаттандыру жұмыстары ауданның басқа да аумақтарында белсенді жалғасып жатыр. Биыл барлығы 88 аула аумағын абаттандыру жоспарланып отыр. Оның 18-і кешенді түрде абаттандырылса, 70-інде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, — деді
Байқоңыр ауданы әкімдігі Абаттандыру бөлімінің басшысы Рахат Кенжетаев.

Аулалардың ашылу салтанатында мерекелік шара өтіп, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Тұрғындар алғыс ретінде аулаға кең дастархан жайды.

Айта кетейік, елордалық оқушылар Қазақстан халқының бірлігі күніне орай концерт қойды.