Астананың екінші әуежайы қай жерде салынуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жаңа әуежай салу үшін келешегі зор үш алаң бар. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев айтты.
– Қосшы, Қарағанды және Павлодар тас жолдары сынды үш бағыт бар. Сарапшылық топ жұмыс істеп жатыр, - деп атап өтті ол Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың желтоқсанында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада екінші әуежай салынуы мүмкін деген қауесет жөнінде пікір білдірген еді.
– Бұл қауесет. Алайда болашақта қосымша әуежай салу қажет болған жағдайда, Бас жоспарда бірнеше учаске қарастырылған, - деген еді Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, кез келген астана белгілі бір кезеңде екінші, тіпті одан да көп әуежайлардың қажеттілігіне тап болады.
– Қазіргі уақытта біз қолданыстағы әуежайдың мүмкіндіктерін пайдалану бағытында жұмыс істейміз. Оның қуатын екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бірақ келешекте оның теміржол желілерінен алыс орналасуын ескерсек, мұндай жоспарлар пайда болуы мүмкін, - деді ол.