Астананың инклюзивті театры «Таза Қазақстан» спектаклін қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы «Lampa A» иммерсивті инклюзивті балалар көлеңке театрында «Таза Қазақстан немесе орманда шырша туды» спектаклі қойылды. Бұл - табиғатқа көзқарас, жаңажылдық көңіл-күй және достық туралы тәрбиелік мәні бар қойылым.

«Таза Қазақстан немесе орманда шырша туды» спектаклі «Теремок» ертегісінің желісімен сахналанды. Бұл – табиғат пен адам қарым-қатынасы туралы көңілді әрі тәрбиелік мәні бар оқиға. Көрермендер де спектакль қатысушыларына айналып, өздерін актер рөлінде сынап көре алады.
«Біз республикалық «Таза Қазақстан» акциясына қатысқымыз келді, – дейді балалар орталығының директоры және театр жетекшісі Алуа Барманқұлова, – сондықтан қоршаған орта мен экология тақырыбында спектакль жасап шығардық. Біздің театрдың барлық қойылымдары білім беру мен тәрбиелік месседждерді қамтиды. Мұнда да бас кейіпкердің қиын жағдайға тап болып, кейін даму жолына түсіп, өз қателіктерін түсініп, түзеткені туралы баяндаймыз».

«Таза Қазақстан» спектаклі жазда көрсетілген болатын, бірақ бұл жолы, жетекшінің айтуынша, сценарий қайта жазылып, ертегілік сипатпен және шыршамен жаңажылдық көңіл-күй қосылған.
Балалар көлеңкелі театры 2024 жылдың маусым айында Астанадағы Professor 4-6 балалар орталығында ашылды. Отбасылық театрдың 30 адамға дейін сыятын шағын залы бар, онда балалар мен ата-аналардың өзара қарым-қатынасы ерекше орын алады.
«Театрды ашпас бұрын, біз аутизм және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен кеңестік. Театрымыздың баршаға қолжетімді бола алатынын түсіну үшін олардың пікірін білдік, – деп бөлісті Алуа Барманқұлова. – Олардың қолдауын алып, театр атауына «инклюзивті» сөзін қостық. Біздің көрермендеріміздің арасында ерекше әлемі бар балалар болды. Сондай-ақ, театр қонақтары арасында біздің елде туған шетелдік балаларды да көруге болады».

Бүгінгі таңда театр репертуарында қазақ және орыс тілдерінде үш тұрақты спектакль бар.
«Біздің театрдың ерекшелігі – біз ертегілерді қайта өңдеп, оларға ұлттық колорит қосып, интерактивті элементтер енгізіп, мүлде жаңа туынды жасаймыз. Музыка, жарық және көлеңкелер қиялды дамытып, көрермендерді кейіпкерлермен бірге уайымдауға ықпал етеді. Көрермендеріміздің 99%-ы үшін көлеңкелі спектакль – түбегейлі жаңа тәжірибе», - дейді театр басшысы.