Астананың қай аудандарында құрылыс қарқынды жүреді

Алдағы 10 жылда Астана халқы 2,3 млн адамға дейін өседі. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек есептік кездесуінде 2035 жылға дейін қаланы дамытудың жаңа бас жоспары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

Жеңіс Қасымбек
Фото: primeminister.kz

«Президент тапсырмасымен 2035 жылға дейін қаланы дамытудың жаңа бас жоспары әзірленген. Қала аумағы өзгеріссіз 79,7 мың гектар болып қалады. Оның едәуір бөлігін «Жасыл сыналар» құрайды, олар саябақтармен, Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің және Нұра-Есіл каналының жағалауларымен бірге бірыңғай табиғи-ландшафтық кешен құрады. Жаңа Бас жоспарға сәйкес, Мыңжылдық аллеясы, Тельман тұрғын алабы және Тұран даңғылының батысындағы аудан перспективалы құрылыс аудандары болып анықталды», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, алдағы 10 жылда қала халқы 2,3 млн адамға дейін өседі деп болжануда. Тұрғын үй қоры екі есеге ұлғаяды және 68 млн шаршы метрден асады.

«Жаңа Бас жоспарға сәйкес 2035 жылға дейін барлығы 178 балабақша мен 164 мектеп, 93 денсаулық сақтау мекемесі салынады. Бас жоспар жобасын қала жұртшылығы, мәслихат депутаттары мақұлдап, қажетті сараптамалардан өтті», - деді Жеңіс Қасымбек.