Астананың кейбір аудандары сусыз қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Астананың «оң жағалауға» жататын бөлігінде бірнеше үй сусыз қалды. «Астана су арнасы» мекемесі электр желісіндегі ақаудан туындаған қолайсыздық көп кешікпей жойылатынын айтты.

Компанияның мәліметі бойынша бүгін сағат 18.45 кезінде су сорып, сүзетін стансада электр қуатының мөлшері күрт артқан. Салдарынан «Kegok» АҚ-ға тиесілі 200 вольттік желі тоқтан ажыратылған. Салдарынан су сорып, сүзетін стансада кернеу төмендеп, қаланың бір бөлігі ішінара сусыз қалған.
«Қолайсыздықтың себебі ауа райының жайсыздығымен байланысты. «Астана-РЭК» АҚ-да авариялық іркіліс жоқ. Электр қуатының кенеттен шектен тыс берілуіне байланысты бірқатар үйде су болмады. Қазір бүкіл қажетті жұмыстар істеліп жатыр. Нысан 30 минуттың ішінде іске қосылады. Осыдан кейін сумен жабдықтау қалпына келеді», - делінген компанияның ресми хабарламасында.