Астананың іргесінде 1200 орындық екі мектеп салынып жатыр
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының Қосшы қаласы мен Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында 1200 орындық екі мектеп салынып жатыр.

Өңірлерге жұмыс бабымен барған аймақ басшысы Марат Ахметжанов жаңа мектептердің құрылыс жұмыстары барысымен танысты. Қосшы қаласында 1200 оқушыға арналған жайлы жаңа мектеп халық саны көп ауданда қолға алынған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, мектеп аумағы абаттандырылып жатыр. Сонымен бірге, облыс әкімі Қабанбай батыр ауылында салынып жатқан 1200 оқушыға арналған мектептің құрылысына назар аударды.

«Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстары, ғимаратты сыртын қаптау, ішкі әрлеу жұмыстары, инженерлік желілер салу жұмыстары қолға алынған. Жабдық пен басқа да бірқатар материалдарды жеткізу бойынша келісімдер жасалды», – деді Әділхан Әбілдин.
Аймақ басшысы балаларға сапалы білім беруде құрылыс жұмыстарының талапқа сай болуы маңызды екеніне тоқталды.
«Біз заманауи, техникалық жабдықталған оқу орындарын салуымыз керек. Балаларымыздың білім алуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Ең бастысы, құрылыстың сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету және барлық нысандардың мерзімінде тапсырылуын бақылау. Білім басқармасы және аудан әкімдік басшылығы мектептерді кәсіби педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етіп, балалардың дамуына қосымша мүмкіндіктер жасауы қажет. Оқушылардың сапалы тізімін жасап, мектептер арасында теңдей бөліңіз», – деді Марат Ахметжанов.

Облыс әкімі қоғамдық мәдени-спорттық орталыққа салынып жатқан кіреберіс 1 км жолдың құрылысын да барып көрді.
Бүгінде мердігер ұйым жол жамылғысын жабар алдындағы қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы жобаға асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер жолы, көшелерге жарықтандыру орнату, аумақты абаттандыру және таңбалау жұмыстары кіреді.
Осы ретте, облыс басшысы қала әкіміне нысандардың құрылыс барысын бақылауды және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша алдағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысының Есіл ауданында 21 тұрғын үй салынып жатқандығын жазған едік.