Астананың іргесіндегі аудандарда агроөнеркәсіп саласы қалай дамып жатыр

Ақмола облысының астанаға жақын аудандарында агроөнеркәсіп саласын дамытуға жете көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

мал шаруашылығы
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Целиноград ауданы — іргелі өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған астаналық аудандардың бірі.

Елорданың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасына белсене қатысатын ауданда ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіп, әсіресе өңдеуші сала қарқынды дамуда.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жыл басынан бері 31302,4 млрд теңгенің өнімін өндірді.

Оның ішінде егіншілік саласының үлесіне 5609,7 млрд теңгенің өнімі келсе, мал шаруашылығы саласының үлесі 24788,7 млрд теңгені құрады.

— Аудан диқандары аса маңызды егін жинау науқанын ойдағыдай аяқтады. Биылғы ауа райының қолайсыздығы егін шығымына біршама кері әсерін тигізді. Дегенмен аудан шаруашылықтары егінді ысырапсыз жинап, қамбаға құйып алды, — деді аудан әкімдігінен.

Ауданда егіншілікпен бірге мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Өткен жылдармен салыстырғанда мал басы жыл санап өсе түсуде.

Қазіргі күні ауданда 36,5 мың бас ірі қара, 35 мың қой, 4,4 мың ешкі, 19,8 мың жылқы бар. Ірі қара мен қой, жылқы саны өткен жылмен салыстырғанда біршама өсті. Оған қоса, 1,2 млн үй құсы және 1120 шошқа бар.

Үй құстарының саны да біршама өсті. Өткен жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға көбейген үй құстарының саны қазір 1 млн 240 мың болып отыр.

Жыл басынан бері 15 мың тоннадан астам мал мен құс еті өндірілді. Сондай-ақ, 34,7 мың тонна сүт өндірілді.

Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға артық. Сонымен бірге, 13 млн 197 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Астананың азық-түлік белдеуін дамытуда Аршалы ауданының үлесі зор.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл аудан шаруашылықтары 25 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарды. Биылғы егін жинау науқанын аудан диқандары ойдағыдай аяқтады.

Гектар түсімі 5,3 центнерден айналды. Барлығы 195 мың тонна астық жиналып, қоймаға құйылды.

Биылғы алғашқы тоғыз айдың қорытындысы бойынша сүт және ет өнімдерінің көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда біршама өсті.

— Соңғы үш жылдың ішінде ет бағытындағы 8 ірі қара фермасы құрылды. Онда 873 бас ірі қара бар. Биыл 55 бас ірі қара бар бір тауарлы-сүт фермасы ашылды. Бұдан бөлек, «Temir Agro» серіктістігінің 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын салу жобасы аяқталуға жақын. Жалтыркөл селосында «Ақ Дала Агро» серіктестігінің құс фабрикасын салу жобасының үшінші кезеңі жүріп жатыр. Бұл кәсіпорын жылына 6 мың тонна құс етін өндіреді. Аталмыш жобаны іске қосу қосымша 120 жұмыс орнын ашуға жағдай жасамақ, — деді Аршалы аудан әкімдігінен.

Ал Қорғалжын ауданы әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылы қорғалжындық диқандар 177,4 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын септі.

— Өткен жылмен салыстырғанда егін алқабының көлемі 109,7 пайыз болды. Егіс көлемі 8,7 мың гектарға ұлғайды. 166,9 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себіліп, 46,7 мың тонна астық жиналды, гектар түсімі 3,1 центнерден айналды, — деді аудан әкімдігінен.

Сонымен бірге, 17,2 гектар алқапқа картоп егіліп, 73,2 тонна картоп және 22,8 тонна көкөніс жиналды. 3 мың гектар жерге майлы дақылдар себілді.

Қазіргі күні 203 тонна зығыр жиналды. Мал азығын дайындау жұмыстары да әрдайым назарда. Белгіленген жоспарға сай 64,6 мың тонна шөп дайындалды.

Аудан бойынша қазіргі күнгі мәліметке сай 21 565 бас ірі қара мал бар. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда — 98,1 пайыз.

2023 жылы аудан бойынша 3 ет фермасы кеңейтілді. «Рамазан» шаруа қожалығы — 65 бас, «Жұмай» шаруа қожалығы — 57 бас, «Көшмағанбет» шаруа қожалығы — 50 бас, барлығы сатып алынған ірі қара мал саны — 172 бас.

Биылғы жылдың маусым айында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне тексеру жүргізілді.

— Қазіргі күні ауыл маңында 58 506 гектар жайылым жері бар. Ауыл тұрғындары үшін жайылым жер қазір күрделі мәселе болып отыр. Бүгінгі күні 57 886 гектар жайылым жетіспейді. Биылғы жылы пайдаланылмай жатқан 14 129 гектар жер жайылым аумағына қосылды, — деп түйіндеді аудан әкімдігінен.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында егін орағы аяқталғанын жазған едік.