18:45, 12 Мамыр 2009 | GMT +5
«Астананы бірге саламыз!» акциясына өнер жұлдыздары қолдау білдірді
АЛМАТЫ. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы/ - Мамырдың 16-сында елордада өтетін «Астананы бірге саламыз!» акциясы еліміздегі өнер жұлдыздарының үлкен қолдауына ие болуда.

Бүгін Алматыда ҚР халық әртісі Роза Рымбаева мен белгілі әнші Нұрлан Абдуллин арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, осы шараға қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бұл акция Астана әкімі Иманғали Тасмағанбетовтың басшылығымен жүзеге асып отыр. Мақсаты - әлем бойынша қарқынды салынып жатқан жалғыз елордаға қоғамның назарын аудару. Бұл күні Қазақстанның 80 адамнан тұратын танымал әртістері, спортшылары, суретшілері мен ақындары 1 күн бойы арнайы киім киіп, Астанада салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысына атсалысады. Біз бұл іске үлкен құлшыныспен үлес қосамыз», - дейді Нұрлан Абдуллин.Оның айтуынша, шараға Роза Рымбаева, Болат Аюханов, Асхат Житкеев, Елена Павлова, Әлібек Дінішев, Батырхан Шөкенов, Ділназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Нағима Есқалиева, Аида Аюпова, Болат Сыздықов, Карина Абдуллина, «Досмұқасан», «The Magic of Nomads» және «Үркер» топтары қатысады.Жұмыс күні соңында өнер жұлдыздары гала-концерт ұйымдастырмақ және құрылыс орны мен концерттен түсірілген беинематериалдардан арнайы әлеуметтік бейнероликтер әзірлемек.