Астананы биыл да түтін баса ма - әкімдік жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат -Елорда әкімдігі брифингте қыста қаланы басып қалатын түтінге қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астананы биыл да түтін баса ма - әкімдік жауабы

 Еске салсақ, қаңтарда елорданың аспанын түтін басып қалып, оған жылу электр орталығы түсінік берген болатын.

«Түтін - әлі де бар. Бұның мәселе екенін білесіздер. Желсіз күні жеке сектордан, автокөліктер мен автономды қазандықтардан қалдықтар көкке көтеріледі де, түтін пайда болады. Менің ойымша, газ тарту жұмысы ретке келтірілгеннен кейін жағдай едәуір жақсаруы тиіс. Биыл да Астанада түтінге байланысты проблема болуы мүмкін», - дейді Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқарма  басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әбдіманап Жұмаділдаев.

Оның айтуынша, Жылу-электро орталықтарында мұржалардың биіктігі ұзартылған.

«Негізгі жылу бәрібір көмір арқылы таралады. Биыл жылу-электр орталықтары мұржалардың биіктігін 120 метрге жеткізді. Осының арқасында түтіннің бір бөлігі қалаға келмейтін болады», - дейді Әбдіманап Жұмаділов.

Аталған брифингте Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов биыл елордада көмір бағасы қанша болатындығын айтып берген еді.