Астананы газдандыру мерзімдері қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана қаласын газдандыру» бойынша мемлекеттік сараптама жүргізу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, әзірленді. Оның нәтижесі «Мемсараптама» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Астананы газдандыру мерзімдері қандай

Қорытындыны алудың болжамды мерзімі - 2018 жылдың төртінші тоқсаны.  Астана қаласында газ тарату желілерінің құрылысы техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес үш кезекке бөлінген. 

Газдандыру процесін жеделдету үшін қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемемен бір мезгілде 9 іске қосу кешенін қамтитын жобаның 1-кезегінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде:

1-ші іске қосу кешені - газ беру 1-Автоматты газ тарату стансасынан (АГТС) ЖЭО-1 және ЖЭО-3-ке жеткізіледі (су жылытқыш қазандықтар және мазут қазандары);

2-ші іске қосу кешені - газ АГТС-2-ден ЖЭО-2-ге беріледі (су жылытқыш қазандар);

Үшіншіден 6-ыншы іске қосу кешендері - газ тарату желілері Көктал-1, Көктал-2 тұрғын үй алаптарына дейін тартылады;

7-ші кешенді іске қосу - газ тарату желісі Железнодорожный тұрғын алабына жетеді;

8-ші және 9-шы кешендерді іске қосу - газ тарату желісі «Оңтүстік Шығыс» тұрғын алабына дейін тартылады.

Газдандырудың 1-кезеңінің жобалық-сметалық құжаттамасын алудың болжамды мерзімі - 2019 жыл бірінші тоқсаны.

«1-кезектің жобалық-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптаманың оң шешімін алған соң, әкімдік ҚР Бюджет кодексіне сәйкес Энергетика министрлігіне жобаны қаржыландыру үшін қажетті құжаттаманы бағыттайтын болады. 2021 және 2023 жылдар аралығындағы 2-ші және 3-ші кезектегі газ тарату желілерінің құрылысын жергілікті бюджет, республикалық бюджет, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жүзеге асыру жоспарланған», - делінген әкімдік ақпаратында.

Жобаның екінші кезегін іске асыру аясында газ тарату желілерін Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village және Family Village тұрғын алаптарына жеткізу жоспарланған.

Еске салайық, Елбасы «Бес әлеуметтік бастамасында» елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды тапсырды. Қараөзек (Қызылорда облысы)-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасы жүзеге асырылады. Елорданы газға көшіру зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады.

«Астанаэнергосервис» АҚ Астана қаласын газдандыру бағдарламасының жобасын қоғамдық талқылауға шығарғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.