Астананы көктемде су баспайды - әкімнің орынбасары

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың қазанынан бері Астана қаласында 117,6 мм жаңбыр жауған екен. Қаланың коммуналдық қызметі үш айдан бері күні-түні, демалыссыз қар тазалап жүр. Ал, қаңтар айының басында 0 градустық температурада жауған қар езіліп, көшедегі қозғалысты қиындата түсті.

Астананы көктемде су баспайды - әкімнің орынбасары

Төрт күндік демалыстан кейін әлеуметтік желіде қаладағы көлік жүретін, жаяу адам жүретін жолдар қардан тазаланбады деген сын-пікірлер көбейді. Сондықтан, қала басшылығы кеш ауа журналистерді ертіп, қаланы қалай қардан тазалап жатқанын көрсетті.

«Жаңа жылда халық той тойлады, ал, біз жұмыс істедік. Тек түнгі сағат 22.00-02.00 аралығында ғана демалыс болды. Қаладағы үлкен магистральді көшелерді қардан тазалап қойдық, тек енді үйлердің арасын, тар көшелерді, мектептер мен емханалардың жанын тазалау қалды. Таңертең қала тұрғындары біздің жұмысымыздың нәтижесін көреді»,-дейді журналистермен әңгімелескен Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов.

 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қаладан осы уақытқа дейін 2 млн 200 мың текше метр қар шығарылды. Алматы ауданы бойынша тазаланаған қар - Жылу электр станцияларының жанындағы қар полигонына, Есіл ауданында тазаланған қар Қосшы ауылына қарай, Сарыарқа ауданынан тазаланған қар Астана-Көкшетау тасжолының бойындағы полигонға шығарылады екен.

«Көктемде қаланы қардың суы басады деген қауіп жоқ. Біріншіден, қардың бәрі арнайы полигонға төгіледі. Екіншіден, қаланың көшелерін қардан тазалап болған соң, саябақтар мен газондардағы қарды да әбден тазалаймыз»,-деп сендірді әкімнің орынбасары.