Астананы қызыл су басу қаупі жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананы қызыл су басу қаупі жоқ. Бұл туралы бүгін Преображенка су торабындағы жағдаймен танысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев айтты.

Астананы қызыл су басу қаупі жоқ

«Қазіргі уақытта осы Преображенка су торабы бөгетінен секундына шамамен 1360 текше метр су ағып өтуде. Біздің болжамымызша, ертең таңертеңгі сағат 10-11-лерде оның көлемі секундына 2600-3000 текше метрді құрауы мүмкін. Мұндай дерек өңір тарихында еш уақытта болмаған. Сондықтан, оны төтенше жағдай ретінде бағалауға болады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, 2012-2014 жылдары аралығында Нұра өзенінің Преображенка су торабының сағасы жоғары қарай 20, төмен қарай 28 шақырым тазартылған. Дегенмен Нұра өзенің сағасына жақын отырған елді мекендерді топан су басу қаупі бар. Қазіргі уақытта еліміздің төтенше жағдайлар комитетінің, жергілікті әкімдіктердің өкілдері су баруы мүмкін елді мекендерге ескерту жасады.

«Астана қаласына қауіп жоқ. Тек Нұра өзенің жағалауына жақын қоныстанған кейбір елді мекендерге су баруы мүмкін», - деді И.Әбішев.