Астананы нөсер суынан қорғау қалай іске асырылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана билігі нөсер суы ағатын кәріз жүйелерінің жұмысын жақсарту мақсатында желілер мен тазалау қондырғыларын жөндеу, қайта құру функцияларын бірыңғай компания - «Астана Тазалық» ЖШС-ға беруді көздеп отыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап өтілгендей, бұл техникалық шешім болғандықтан, жаңа компанияны құру қарастырылмайды.
Еске сала кетейік, 22 тамыз күні Үкімет отырысында Астананың кәріз жүйесінің жұмысын жақсарту мәселесі талқыланған болатын. Отырыста «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жекешелендіру бағдарламасынан шығарып, оған су ағатын науаларға қызмет көрсету уәкілеттіктерін беру ұсынылды. Мәселе «Астана Тазалық» ЖШС-ға қосымша функцияларды беруде болып отыр.
Айта кету керек, бүгінгі таңда кәріз жүйесіне қызмет көрсету функциялары аудандар әкімдіктеріне жүктелген және онымен жекеменшік компаниялар айналысады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, осы функциялардың барлығын бір ұйымға беру техникалық жағынан жұмыстарды жеңілдетеді. Мұндай тәжірибе Париж, Берлин, Варшава, Нью-Йорк, Мәскеу сияқты ірі қалаларда қолданылады.
Әкімдіктің деректеріне сүйенсек, қазіргі кезде қаланың иелігінде 300 км құбыр, бақылау жүргізетін және жаңбыр суын қабылдайтын 20 мыңға жуық құдық, 13 тазалау қондырғылары, 3 жинау тоғаны, 56 дренаж және су айдайтын насос стансылары, 45 километрлік арық жүйесі бар. Соңғы екі жылда тазалау қондырғыларының саны 5-тен 12-ге жетіп, ал су жиналатын алаң 6,3 мың гектарға ұлғайған.