Астананы су басу қаупі жоқ - әкімдік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала билігінің мәлімдеуінше, көктемде Астананы су басу қаупі жоқ. Сонымен қатар Майбалық  көлі жағынан да қатер болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Елорданың көктемгі қар еруі кезеңіне дайындығын көрсету үшін қала әкімдігі тілішілер қауымын су реттегіш бөгеттің  аумағына шақырды.

«Майбалық суы Астанаға ешқашан жетпейді, бұл ретте тиісті талдау шаралары жүргізілді. Тек қана әуежайдың ұшу жолағында су деңгейінің көтерілуі орын алуы ықтимал. Бүгінде су деңгейі өткен жылға қарағанда жарты метрге төмен. Менің ойымша, ешқандай проблема туындамайды»,-деді әкімнің орынбасары Қосман Айтмұхаметов.

 

Оның сөзіне қарағанда, егер де су басу қаупі туындаған жағдайда ұшу жолағының алды бөгетпен қоршалатын болады. Ол үшін бүгінде барлық қажетті материалдар дайындалды.

«Астана маңындағы су қоймасы жағынан да ешқандай қауіп жоқ. Жалпы, су реттегіш 300-ден 400 млн. текше метрге дейін су қабылдай алады. Осы ретте елорданы су баспайтынына кепілдік беремін»,-деді ол.

 

Астана су қоймасының сыйымдылығы 410 млн. текше метр, оның 285 миллионында су толтырылған. Ал су реттегішке 450 млн. текше метрге дейін су жіберуге болады.

Бұдан бөлек, әкімнің орынбасары қала аумағы арқылы көктемгі тасқын суды өткізу шаралары жайында айтып берді.

 

«Бүгінде Астана аумағы арқылы қар суын өткізудің жеті кезеңін айқындадық. Осы орайда Есілдің жоғары жағын толықтай зерттеп шықтық, онда қар қоры өткен кезеңдерге қарағанда 20-30 пайызға артық. Бұл ретте су қоймасына 200-ден 250 млн. текше метрге дейін су келуі мүмкін, яғни осындай жағдай қар жылдам еріген кезде орын алуы ықтимал. Егер де күндіз жылынып, ал түнде су қатса, онда 130-дан 200 млн. текше метрге дейінгі көлемде сумен толығады. Сондықтан да осы мөлшерді қабылдау аясында су қоймасын босату үшін Есіл өзені арқылы су реттегішке дейін секундына 10 текше метр суды өткізу жұмыстарын бастадық (...) Негізі, судың ең үлкен көлемі 2015 жылы болған еді. Ол кезде 190 млн. текше метр қабылданды. Біз оны қала аумағы арқылы еш қиындықсыз өткіздік,-деп түсіндірді ол.

 

Әкімдік мәліметінше, қыс басталғалы елордадан 5 млн. 100 мың текше метр қар шығарылды. Көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 1 млрд. 400 млн. теңге бөлінген екен. Күн сайын қаладан сыртқа қарай 730 жүк көлігі қар тасымалдап жатыр. Сонымен қатар еріген қар суына арналған тиісті техника да қажетті көлемде жасақталды.

Соңғы жаңалықтар