Астананы су басу қаупі жоқ - ҚР ІІМ ТЖК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданы су басу қаупі жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті.
«Астананы су басу қаупі жоқ. Бұған дейін айтқанымдай, Вячеславск немесе Астана су қоймалары артық су көлемінен дер кезінде арылды», - деді ол БАҚ өілдерінің сауалына орай.
Оның нақтылай түсуінше, 6 сәуірде Вячеславск су қоймасынан артық суды ағызып жіберу жұмыстары қолға алынған.
«Бүгінде суды ағызу секундына шамамен 110 текше метр көлемінде жүргізілуде. Астанаға дейін жету уақыты - шамамен 2 күн. Есіл өзенінің қалалық тармағына секундына не бәрі 5 текше метр су жіберілуде. Қалған судың барлығы да Астана қаласын қорғау кешені деп аталатын қарсы реттегішке ағызылуда. Бүгінде ол жақта 20 млн. текше метрден астам су жиналған. Сондықтан Астанаға еш қауіп төніп тұрған жоқ», - деді В.Беккер.
Комитет басшысының айтуынша, бұл суды қарсы реттегіште ұстап тұру жоспарланған. Одан кейін бұл су бірқатар өңірдегі су тасқыны қаупі басылғаннан кейін өзенге жіберіледі.
«Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдай өткеннен кейін бұл суды біз біртіндеп, 30 текше метрге дейін көлеммен өзенге ағызатын боламыз», - деп түсіндірді комитеті басшысы.