Астананы су басу қаупі жоқ - Су ресурстары комитеті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананы су басу қаупі жоқ. Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіш осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«17 сәуірде сағат 11-ден бастап 1 200 текше метрге дейін су келді. Бұл өте жоғары деңгей. Кейін ағыс қарқыны 1 044 текше метрге түсті. Қазір Астана су қоймасына келіп жатқан судың көлемі секундына 150-200 текше метрді құрап отыр. Осы орайда оның барлығын су қоймасында сақтап қалу мүмкіндігіміз бар. Астана су қоймасының сыйымдылығы 410 млн. текше метр болса, онда қазір 385 миллион текше метр су толтырылған, яғни тағы 25 млн. текше метр жинай аламыз»,- деді И. Әбіш баспасөз мәслихаты барысында.
Бұдан бөлек комитет төрағасы тиісті су деңгейі Астана су қоймасында сақталғанын, ал артық көлемдегі ағын су реттегішке жіберілгенін атап өтті. Елорданы тасқын судан қорғайтын бұл реттегіштің сыйымдылығы 450 млн. текше метрді құрайды. Бүгінде оған 250 млн. текше метр құйылған көрінеді. Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Астана су қоймасынан реттегішке түсіп жатқан ағыс толық жабылды.
«Су реттегішке жиналатын 250 млн. текше метр суды «Есіл» өзені арқылы жібереміз. Яғни бір айда 100 млн. текше метр суды өзенге бағыттаймыз. Шамамен 150 млн. текше метрі су реттегіште қалады. Осы көлемді мамыр, маусым айларында жіберіп отырамыз. Сондықтан бүгінде қаланы «Есіл» өзені арқылы немесе Астана су қоймасы тарапынан тасқын су басып қалатындай ешқандай қауіп жоқ. Оны толық сеніммен айта аламыз»,-деп түйіндеді сөзін И. Әбіш.