Астананың 15 жылдығына орай «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасы болады

«Ұйқыдағы ару» балеті Шарль Перро ертегісінің желісі бойынша дүниеге келген П.И. Чайковскийдің туындысы. Балеттің музыкалық келбеті симфониялық дамуға ұласып, ақ пен қараның өзара қақтығысына құрылған.
Петр Чайковский «Ұйқыдағы ару» қойылымы барысында хореограф Мариус Петиппен бірлесіп, жұмыс атқарған. Екі ұлы адамның шығармашылық бірлестігінің нәтижесінде музыка мен хореография үндескен керемет туынды дүниеге келді.
Балеттің премьерасы 1890 жылы 3 қаңтарда Мариин театрында өткен болатын. Содан бері «Ұйқыдағы ару» әлем сахналарында қойылып келеді. Петиптің шебер хореографиясын негізге ала отырып, балетмейстерлер оған жаңа леп қосуға тырысып бағуда.
Айта кету керек, «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасы «Астана-Опера» сахнасында балетмейстер Юрий Григоровичтің жаңа заманауи хореографиялық редакциясымен ұсынылатын болады. Ресей хореографиясының хас шебері «Ұйқыдағы аруды» балалар ертегісі немесе көңілді думан ретінде емес, басқа балетмейстерлерде жиі кездесетін жан жадыратар поэма сияқты Чайковский музыкасына үндестіріп қояды.