Астананың 20 жылдығы: Ең үздік бейнеқұттықтау анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдығына арналған ең үздік бейнеқұттықтау байқауы қорытындыланды. Байқау Қазақстан жастары арасында жарияланған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конкурс екі тақырып бойынша ұйымдастырылды: «Астана - бейбітшілік пен жасампаздықтың ордасы» (Мемлекет басшысының еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған жаһандық сыртқы және ішкі саяси бастамаларын көрсететін бейнебаян) және «Астана - жастар қаласы» (Қазақстан мен елорда жастарының жетістіктерін насихаттауға бағытталған бейнебаян).

Нәтижесінде, еліміздің әр өңірінен келіп түскен 33 бейнеқұттықтаудың 9-ы марапаттарға ие болды.

«Бұл сайысты екі апта бұрын жариялаған болатынбыз. Мақсаты - жастардың бейнеқұттықтауы арқылы елордаға деген сүйіспеншілікті жеткізу. Бір қуантарлығы, конкурстың республиканың барлық аумағын қамтуы. Әсіресе, ауыл жастарының белсенділігі жоғары болды. Екінші мәселе, бейнеқұттықтаулар сапасының жоғарылығы. Келіп түскен 33 жұмыстың ішінен, комиссия мүшелері 9 креативті деген бейнеқұттықтауды іріктеп алды. Конкурстың жүлде қоры көп емес. Бірақ соған қарамастан, жастар белсене қатысты. Біздің мақсат та сол жастардың басын біріктіру, белсенділігін арттыру еді», - деді ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов.



«Астана - бейбітшілік пен жасампаздықтың ордасы» номинациясы бойынша жеңімпаздар:

1 орын - Айдын Антеев

2 орын - Қайдар Рауан

3 орын - Салтанат Рзаева

 

«Астана- жастар қаласы» номинациясы бойынша жеңімпаздар:

1 орын - Карина Шайкенова

2 орын - Айша Сейілова

3 орын - Айтмұхамед Қалмаханов


«Креативті бейнебаян» номинациясы - Арнай Ботанов

«Елордаға ілтипат» - Арман Жасталап.

«Көрермендер көзайымы» - Лев Тырышкин.

«Конкурсты ести сала бағымды сынап көрейін дедім. Ойыма келген бірнеше идеялардың ішінен өзіме ұнаған жанрға сценарий жаздым. Бір күннің ішінде Астананың әдемі локацияларын таңдап, түсіріп шықтым. Басында қалта телефонға түсіргенмін. Сапасы дұрыс болмаған соң камерамен қайта түсірдім.  Жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Оның үстіне, мен Астананың төл құрдасымын. Сондықтан мен үшін бүгін қос қуаныш», - деді «Астана - бейбітшілік пен жасампаздықтың ордасы» номинациясы бойынша 1 орын иеленген Айдын Антеев.

Конкурстың жалпы жүлделік қоры 700 мың теңге: екі тақырып бойынша 1-орын жеңімпаздарына 150 мың теңге, 2-орынға 120 мың теңге, 3-орынға 80 мың теңгеден табыс етілді.

Байқауды ұйымдастарушы - ҚР ҚДМ Жастар саясаты департаменті мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы.



Соңғы жаңалықтар