Астананың 20 жылдығы: «SAMGAU» театр фестивалінің Гран-при иегері 2 млн теңге алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдығына орай VI «SAMGAU» халықаралық театр фестивалінің шымылдығы ашылды. Аталмыш шара елордалық театрсүйер қауымның көптен күтетін оқиғасы, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Астананың 20 жылдығы: «SAMGAU» театр фестивалінің Гран-при иегері 2 млн теңге алады

Шараның ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты. Апта бойы 16 маусымға дейін қалалық театрлардың сахналарында Қазақстанның өңірлерінен және таяу шетелден әкелінген үздік қойылымдар көрермендердің назарына ұсынылатын болады.

Биыл фестивальдің атауы да, мазмұны да өзгеше. Бұрын ол «Сахнадан сәлем» деп аталып келген еді. Бұл туралы «Жастар» театрында елордада театр апталығының ашылуына арналған баспасөз мәслихатында театр және кино режиссері, драматург, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов айтты.

- Алты жыл бұрын Қуанышбаев атындағы қазақ театрының іргесінде осы фестивальдің тұсауы кесілген болатын. Ол кезде оны халықаралық деңгейге жетеді деп ешкім де ойламаған. Биыл шараның атауын ғана емес, сондай-ақ мазмұнын да өзгертіп отырмыз. Біз номинациялар белгілеп, қатысушыларды материалдық тұрғыдан қолдау туралы шешім қабылдадық. Фестивальдің бас жүлдесі - 2 миллион теңге, - деді Т. Теменов.

Оның айтуынша, «SAMGAU» фестиваліне қатысуға 53 ұжым өтінім берген, оның ішінен тек 12-сі ғана таңдалған.

- Бүгінде театр өнеріне сұраныс жоғары. Егер 5 жыл бұрын театр әлемі тұралап тұрса, соңғы 3-4 жылда айтарлықтай серпін жасалды. Жаңа сапалы қойылымдар көп, сондықтан іріктеу қатаң болды. Әзірге уақыттың тығыздығынан қатысушыларды көбірек ала алмаймыз. Қазылар алқасы күніне 3 спектакльден көреді. Өйткені фестиваль бір аптаға ғана созылады, - деді ол.

Сонымен қатар, белгілі профессорлар, театр өнерінің саңлақтары күн сайын фестиваль қатысушыларына вокал, сахнада қозғалу және сөйлеу, актерлік шеберлік бойынша шеберлік дәрісін өткізетін болады.

- Елордада тұрған соң театрымызға актерлерге үйрету үшін вокал бойынша педагогты немесе балетмейстерді шақыра аламыз. Ал, мысалы, облыстық театрларда ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз театрларға бүгінде танымал жаңа қойылымдарды тамашалау және шеберлерімізден сабақ алу үшін актерлерін жіберсін деп шақыру жібердік. Оларға сертификаттар беріледі, - деді актер, режиссер және профессор Нұрқанат Жақыпбай.   

Биылғы фестивальдің тағы да бір ерекшелігі - оған OFF-бағдарлама ретінде Қазақ ұлттық өнер университетінің актерлік өнер және режиссура кафедрасының студенттерінің дипломдық спектакльдері де қатысады.

- Бұл тәжірибені келер жылы да жалғастырмақпыз. Бұл біз үшін жақсы. Жаңа дарындармен танысамыз. Себебі фестиваль аясында театрлардың көркемдік жетекшілері мен директорлары көп болады. Олар бірлесіп жұмыс істеу үшін жас талантты актерлер мен режиссерлерді таңдай алады, - деп түсіндірді Талғат Теменов.

Баспасөз маслихатына қатысушылар биылғы фестивальдің өзгешеліктері туралы айтқан соң оркестр музыкасының сүйемелдеуімен дәстүр бойынша қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті. Ең алдымен фестивальдің қазылар алқасы көрінді.

Айта кетейік, оның құрамына үздік отандық, сонымен қатар Ресей мен Қырғызстанның театр сыншылары енді. Атап айтқанда, Есенгелді Тұяқов, Елена Митченкова, Жаныш Құлмамбетов, Сәния Қабдиева, Еркін Жуасбек, Мұрат Әбзелбаев, Гүлдана Сапарғалиева, Назерке Жұмабай.

Олардан кейін қызыл кілеммен «SAMGAU» фестиваліне қатысушылар: Астана, Петропавл, Шымкент, Өскемен қалалары театрларының труппалары, сондай-ақ Сербия, Татарстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген қонақтар жүріп өтті.

Әдеттегідей, шеру «Жастар» театрының сахнасында концерттік бағдарламамен және фестивальдің ашылу салтанатымен жалғасты. Жиналған қауым елордалық актерлердің өнерін тамашалады. Бағдарламаны фестивальдің алғашқы көрсетілімі - «Жастар» театрының Нұрқанат Жақыпбай қойған «Ревизор» трагифарсы жалғастырды.