Астананың 400-ден астам құрылыс салушылары нысандарды қабылдаудың жаңа тәртібін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қалалық әкімдікте объектілерді пайдалануға қабылдаудың жаңа тәртібін талқылау және түсіндіру бойынша кеңес өтті. Кеңеске ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Жасұлан Сүйіншалиев, сондай-ақ, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун қатысты.

Астананың 400-ден астам құрылыс салушылары нысандарды қабылдаудың жаңа тәртібін талқылады

Жаңа ережелерді талқылауға қаланың 420 құрылысшы компаниясы қатысты, деп хабарлады astana.kz.

Объектілерді қабылдау ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қабылдау, жұмыс және мемлекеттік қабылдау комиссиясы сияқты түсініктер алынып тасталды, ал объектіні пайдалануға қабылдау процесіне объектінің құрылысына тікелей қатысқан тұлғалар ғана, атап айтқанда, тапсырыс беруші, мердігер, техникалық және авторлық қадағалау қабылдаушы тарап болып қатысады.

Бұл ретте салынған объектіні қабылдау актісі келесі шарттарды сақтай отырып, тапсырыс берушімен бекітіледі:

- құрылыс аяқталған соң мердігер тапсырыс берушіге объектіні пайдалануға қабылдауға дайын екендігі туралы декларация;

- техникалық қадағалау құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды;

- авторлық қадағалау орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытынды ұсынады.

Объектіні бұзушылықтармен және құрылысында кемшіліктер бола тұра, пайдалануға қабылдаған жағдайда, объектіні пайдалануға қабылдауға қатысушыларға Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүктеледі.

Демек, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік органдар, соның ішінде сәулет және қала құрылысы басқармасы, мемлекеттік сәулет-қүрылыс бақылау, өртке қарсы қызметтер, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер және басқа да мүдделі қызметтер салынған объектілерді пайдалануға қабылдау процесіне тікелей қатыспайды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардың қызметін бақылау арқылы, сондай-ақ, тараптардың құрылыс барысындағы бұзушылықтар туралы өтініштері бойынша іске асырылады.

1. Бұдан басқа, инженерлік және коммуналдық қамсыздандыру бойынша қызметтерді жеткізушінің объектіні пайдалануға қабылдамас бұрын сәйкестік туралы декларацияға қол қоятынын атап өткеніміз жөн.

2. Сондай-ақ, Заңның 73-бабында объектіні әділет органдарына тіркеу үшін Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасында тіркелген бекітілген қабылдау актісі негіз болып табылатыны қарастырылған.

Кеңес қорытындысы бойынша, Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасына кезекші жоспар аясында хабарласқан уақыт жағдайында объектіні қабылдау актісін тіркеп, тексеру жүргізу ұсынылды. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, құзыретті органдарға тиісті хаттар жолданады.
null