Астананың 500 студенті зиянды әдеттерге қарсы акцияға шықты
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан студенттері альянсы мен ҚР ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитеті пікірлес 500 студенттің басын қосып, адамзаттың ең зиянды әдеттеріне қарсы шара ұйымдастырды.
«Студенттер қарсы!» атты шара Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетте басталып, ұйымдастырушылардың ойластыруы бойынша барлық ел бойынша таралуы тиіс.
Белсенді жастармен кездесіп, оларды қызықтырған сауалдарға жауап беру үшін елордалық полицейлер келді. Сонымен қатар студенттер арнайы мақсаттағы жауынгерлердің операцияларда қолданатын бірегей көрсетілімдерін тамашалады. Астана қалалық ІІД-нің «Арлан» арнайы мақсаттағы тобы жастарға арнайы үйретілген иттер арқылы есірткі заттарын тінтудің барлық сырларын ашып берді.
Шараның соңында С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінің студенттері аталмыш бастаманы қолдауға шақырды.