Астананың әкімшілік сотында әкімшілік сот ісін жүргізудің оңтайландыру жобасы іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында әкімшілік істер бойынша қаулылардың электронды нұсқасын сақтандыру компанияларына ұсыну мәселелеріне қатысты баспасөз мәжілісі өтті.

 Астананың әкімшілік сотында әкімшілік сот ісін жүргізудің оңтайландыру жобасы іске қосылды

Іс-шараға Жоғарғы Соттың Ақпараттық технологиялар және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі С.Омаш, Астана қаласы ІІД ӘПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің бастығы А. Бейсембаев, әкімшілік соттың судьялары Б.Нұржан, А.Қайдарова, Ұ.Сүлейменова, сондай-ақ «Коммеск-Өмір», «Цесна Гарант», «Казкоммерц-Полис», «Казахинстрах», «Евразия сақтандыру компаниясы» АҚ орталық филиалының өкілдері қатысты.

Жоғарғы Соттың шешіміне сәйкес, аталған жоба биылғы 1-қыркүйектен бастап, еліміздің барлық әкімшілік соттарында іске қосылады. 

Кездесу барысында сот төрағасының міндетін атқарушы Қ.Иманалиев жол-көлік апаты салдарына байланысты сақтандыру төлемдерін төлеу мақсатында судьяның электронды санды қолтаңбасымен куәландырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылардың электронды нұсқасын Астана қаласы бойынша «Казахинстрах» сақтандыру компаниясы филиалына жолдауды көздейтін пилоттық жобаның сотта іске қосылғанын айтты.

2016 жылғы 15 тамызда ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы  ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мамандандырылған әкімшілік соттарда осы аталған жобаны іске қосу туралы шешім қабылдады.

Аталған жаңашылдық сот актісінің заңды күшіне енгендігі туралы белгі қойдырып, оны кейіннен сақтандыру компаниясына ұсыну бойынша азаматтардың қосымша жүктемесін қысқартты. Жобаға сәйкес, сот қызметкерлері қағазбастылықтан арылып, сот процесіне қатысушылар уақыттарын үнемдейтін болды.

Баспасөз мәжілісінде сот қызметкерлері пилоттық жобаның артықшылықтарымен таныстырды

Баспасөз мәжілісінің соңында қатысушылар осы жаңашыл бағытты  электронды сот төрелігіне көшудің тағы бір нақты көрсеткіші болып табылатындығын атап өтті.