Астананың «Алматы» ауданында 16 тұрғын үй кешені салынуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде Астана қаласының «Алматы» ауданының әкімі Бекбол Сағынның қала тұрғындарымен есеп беру кездесуі өтті. Кездесу барысында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, ПИК мәселелеріне және аудандағы жолдар мен көшелер жағдайына ерекше көңіл бөлінді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Есептік кездесуге Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ҚР Парламентінің депутаттары, қалалық мәслихат депутаттары мен астаналық қоғам қайраткерлері қатысты. Жыл қорытындысын шығарған Бекбол Сағын ауданның қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 2014 жылы ауданда жалпы ауданы 500 шаршы метрлік 9 тұрғын үй кешені пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта тағы да 16 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аудан әкімінің айтуынша, ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы аясында 4 жылдың ішінде ауданда 31 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген, соның ішінде 13 үй былтыр жөнделді. Биыл пәтер иелерімен бірге 18 тұрғын үйді жөндеу көзделген. Бекбол Сағын осыбағыттағы жұмыстар жалғасын табады деп сендірді. Кездесу барысында қойылған сұрақтар тұрғын үй коммуналдық саласын (жылу есептегіш құралдарды орнату, ПИК жұмысы, тарифтерді жасау ережесі және т.б.), балабақшалардағы кезек мәселесін, жолдар мен көшелер құрылысын, сонымен қатар қоғамдық көлік жұмысы мәселелерін сөз етті. Аудан тұрғынының балабақшаға кезектің баяу жылжуы жөніндегі сұрағына жауап бере отырып, әкім балабақшаларға тіркеу қатаң түрде кезекпен жүзеге асатынын жеткізді. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін биыл тағы да 7 балабақша ашылады деп жоспарланған. Кездесуде ПИК жұмысы, кейбір көшелер мен аулаларға кіретін жолдар салу, сонымен қатар қосымша бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салу бойынша сұрақтар қойылды. Кездесу қорытындысы бойынша тұрғындардың әрбір сұрақтарына өкілетті органдардың өкілдері жауап берді, кейбір сұрақтарға жауаптар жазбаша түрде жіберілетін болады.