Астананың әр ауданында халал өнімдер сататын дүкендер ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада халал өнімдер сататын орындар ашу және осы өнімдердің нарықтағы ассортименті мәселесі талқыланды. Бұл туралы astana.kz сайтына «Дуслык» татар білім беру орталығынан хабарлады.
Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, ҚР «Халал индустриясы қауымдастығы» ЗТБ сарапшылары, этномәдени бірлестіктердің және ҮЕҰ басшылары, елордалық кәсіпкерлер мен дін өкілдері қатысты.
«Астана халал аумағы» дөңгелек үстелінің қорытындысы бойынша әлемдік тәжірибені зерттеп, «Халал өнімінің маркировкасы туралы» ҚР заңын әзірлеу, Қазақстанда халал индустриясын дамыту агенттігін құру ұсынылды. Сонымен қатар, халал өнімдерді тұтынудың маңыздылығы мен мақсаттылығы туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ал қалалық кәсіпкерлермен халал өнімдерді өндіру мәселесін талқылау жоспарланған. Кездесу аясында Астананың әр ауданында басқа тауарларға қойлатын талаптарды сақтай отырып, халал өнімдерін саудалайтын жеке орындарды ашу қажеттілігі айтылды.
Шараға қатысушылардың пікірінше, бұл тақырып ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында аса өзекті. Көрмеге дайындық жүргізу кезінде оған көп көңіл бөлу керек. Өйткені шара аясында Астанаға барша әлемнен адамдар көптеп келетін болады.