Астананың аудан әкімдері «Жаңа Адамдарға» есеп беретін болды
Астана қаласындағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының өкілдері елорда басшысы Жеңіс Қасымбекпен кездесті. Кездесуде қаладағы жаяу жүргіншіге арналған соқпақтардың сапасы сын көтермейтіні айтылды. Бұған дейін қозғалыс белсенділері әкімдікке өткізген қауіпті тротуарлардың тізімі қала көшелерін жөндеу жұмыстарының жоспарына енетін болды. Астана қаласы әкімінің бас орынбасары Нұрлан Нұркенов аталған кемшілікті жою үшін бюджеттен ақша бөлуге уәде берді.
Сондай-ақ, елорда аудандарының әкімдері «Жаңа адамдар» қозғалысына апта сайын төселген пандустар мен тротуарлардың қалай жөнделіп жатқаны туралы есеп беріп отыратын болды.
«Сең қозғалды деуге болады. Бірақ біз бұған қанағаттанып, тоқтап қалмаймыз. Қалада әлі де көптеген мәселелер бар. Біз көтерген мәселе тұрғындар үн қосқанда ғана нәтиже болатынын көрдік. Әрі қарай да Астананың құрылыс мәселелерімен айналыса береміз. Барша астаналықтарды ортақ проблемаларды бірлесіп шешуге қатысуға шақырамын. Жаңа Қазақстан ел ішінде ортақ жанашырлық, ұйымдасқан әрекет арқылы ғана орнайды», - дейді қозғалыс белсендісі Арлен Таңатұлы.
Бұған дейін әлеуметтік сауалнамаға қатысқан астаналықтардың 90 пайызы тротуарлардың сапасына шағым айтқанын жазған болатынбыз.