Астананың автобус жүргізушілері жыл басынан бері Жолда жүру ережелерін 3 628 рет бұзды - И.Тасмағамбетов

Бұл туралы өзінің жеке блогында тұрғындардың сұрағына жауап бере келе қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.
Елорда тұрғыны әкімге, кейбір қоғамдық көліктердегі жүргізушілердің автобусты басқарудағы мәдениетсіздігіне, олардың елорда мәртебесіне сәйкес келмейтін киім-киісіне, түр-тұлғасына және жолаушыларға көрсететін тұрпайы мінез-құлқына қатысты шағымданды.
Оған қала басшысы, жолаушылар көлігінде қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша шаралар ұдайы қолға алынып отыратынын және жақында ғана өзіне жүктелген міндетті тиісінше орындамаған №2 автопаркпен келісімді бұзу туралы шешім қабылданғанын айтты.
«Жыл басынан бері Астана қаласының Жол полициясы басқармасының қызметкерлері автопарктер жүргізушілерінің қатысуымен болған Жолда жүру ережесінің 3 628 бұзушылығын анықтады. Соның ішінде ірі бұзушылықтарды №2 автопарктың өкілдері жасады. Онымен қоса, аталмыш кәсіпорынның басшылығы жылжымалы құрамды жаңарту бойынша біздің талабымызды бірнеше жылдар бойы орындамай келді», - деді И.Тасмағамбетов.
Сондай-ақ әкім атап көрсеткендей, қазіргі уақытта №1 автопарк пен «Жорға» ЖШС Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жіті қадағалауында тұр. Егер өздеріне жүктелген міндеттерді орындамаса, олар да Астанада жұмыс істеу құқығынан айырылатын болады.
2011 жыл басталғалы 180 жүргізуші мен 500 кондуктор жұмыстан шығарылып қана қоймай, елордада аталмыш салада жұмыс істеу құқығынан да айырылды.