Астананың барлық автобустарына валидатор орнатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жылдан бастап елорданың барлық автобустарында жолаушылар жол ақысын электронды жолмен төлей алады. Бұл жайында «Астана LRT» ЖШС қоғаммен байланыс департаментінің директоры Асқар Атағулин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астананың барлық автобустарына валидатор орнатылады

«Валидация немесе жолақысын электрондық төлем жасау жүйесі Жаңа жылдан бастап барлық автобустарда толыққанды жұмыс істейтін болады», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта барлық автобустарда жолақысына электрондық төлем жасауға мүмкіншілік болмауының екі себебі бар.

«Бірінші себебі, ескі автобустар жолақысын электрондық төлеу жүйесін енгізуге жарамсыз. Екіншісі бастапқыда қаперге алынбаған техникалық ерекшеліктері бар. Жобаны әзірлеу кезеңінде бұл ерекшеліктер қаперге алынбаған. Соған байланысты қазіргі уақытта белгілі бір проблемалар туындауда. Дегенмен, біз шешу жолдарын таптық және Жаңа жылдан бастап қалалық үлгідегі барлық автобустарда валидация мүлтіксіз жұмыс істеді», - деді компания өкілі.

Сонымен қатар ол қоғамдық көліктердің кейбір кондукторларының  дөрекілігіне қатысты шағымдардың жиі болуына қатысты пікірін білдірді.

«Жүргізушілер мен кондукторлар - олар автобус паркінің қызметкерлері. Олардың бізге мүлдем еш қатысы жоқ. Біз тасымалдауды басқарумен айналысамыз және автобустардың белгіленген уақытта белгілі санының рейске шығуына жауап береміз. Қазіргі уақытта қызмет сапасына автобус парктерінің басшылығы тікелей жауап береді», - деді ол.

Атағулиннің айтуына қарағанда, Жаңа жылдан бастап қызметке қойылатын талаптар мен автобус парктерімен арадағы келісімшарттар қайта қаралатын болады.

«Жаңа жылдан бастап автобус парктерімен шарттарды қайта қарастыруды жоспарлап отырмыз. Онда қызмет сапасына нақты талаптар көзделген. Бүгінгі күні бізге бақылау-қадағалау қызметі жүктелмеген», - деді ол.