Астананың барлық ЖЭО-лары газға ауыстырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылы Астанадағы барлық үш жылу электр орталығы, сонымен бірге Оңтүстік Шығыс, Көктал-1 және Көктал-2 шағын аудандары толығымен газбен қамтылады. Бұл туралы Елбасының қатысуымен өтіп жатқан елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Бес әлеуметтік бастама аясында Қазақстанның орталық өңірлерін газбен қамту туралы тапсырмаңыз шынында да, тарихи шешім болып табылады. Ол елордамыздың дамуына ерекше серпін беріп, ең алдымен экологияның жақсаруына септігін тигізеді», - деді қала басшысы мәжілісте.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қала әкімдігі Энергетика министрлігі және «ҚазТрансГаз» АҚ-пен бірге жол картасын әзірлеп жатыр.
«Қазіргі таңда қалалық газ тарту желілері бойынша 3 кезектен тұратын техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Алғашқы кезеңде 2020 жылы Астанадағы барлық үш ЖЭО-ны (17 су қайнататын қазандық) газға ауыстыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, түтін көп шығатын Оңтүстік Шығыс, Көктал-1 және Көктал-2 шағын аудандарын газға 2020 жылға дейін ауыстыру жоспарлануда. Бұл шаралар ауаға зиянды заттардың бөлінісін 30 пайызға дейін төмендетеді», - деді Ә.Исекешев.