Астананың базарлары толығымен қайта құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сауда қызметі туралы» Заңға сәйкес, Астананың барлық базарлары қайта құрылады, деп хабарлайды Елорда Инфо Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимовке сілтеме жасап.

Астананың базарлары толығымен қайта құрылады

Байқоңыр ауданының өзінде 37 ірі сауда үйі мен базарлар бар.

«Алаш тасжолының бойындағы контейнерлер, жайма базарлардың бәрі заманауи кейіпке енеді, адамдар жабық кешенде сауда жасайтын болады. Қазір Орталық базардағы қайта құру жұмыстарын бастадық. Ондағы екінші және үшінші павильондар 2019 жылдың соңына дейін елдің игілігіне беріледі. Кезекте «Шарын» базары тұр. «Шанхай» деген атпен танылған «Көкбазарды» қайта құру бойынша кейбір мәселелер бар. Жалпы, көптеген өзгерістер болады», - деді Қаналимов.

Сауда базарларын жаңғырту және кеңейту жұмыстарын 2021 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр. Астана тұрғындары азық-түлік алу үшін қаланың о шетінен бұ шетіне бармауы үшін сауда орындарының қолжетімділігі мәселесін шешу бойынша елорда әкімдігі талдау жүргізді.

«Кемі бес жаңа базар салу жобаларын қарастырып жатырмыз. Соның бірнешеуінің - Бейсеков көшесіндегі, теміржол вокзалының маңындағы жаңа базарлардың құрылысы биыл басталады», - деген болатын Әсет Исекешев ақпан айындағы есеп беру кездесуінде.

Сонымен қатар Астана әкімі сауда алаңдарының иелеріне, егер олар базардағы қауіпсіздік талаптарына жауап бермесе, жабылатынын ескерткен.