Астананың бірқатар аудандарында 2 күнге ыстық су тоқтатылады
АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Елорданың кейбір аудандарында екі күн бойы ыстық су берілмейді.
Бұл туралы astana.kz сайтына «Астана-ЖылуТранзит» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жылу магистральдарында тығыздықты тексеріп, алдағы маусымға әзірлікті пысықтау мақсатында 18-19 маусым күндері қаланың кейбір аудандарында ыстық су беру тоқтатылады», - делінген хабарламада.
Атап айтқанда: Энергетиктер кенті, Ақбұлақ-1, Ақбұлақ-2, Ақбұлақ-3, Ақбұлақ-4, Тәуелсіздік, Момышұлы даңғылдары, Майлин, Ақыртас, Жайдарман, Мирзоян, Қарқабат, Сығанақ, Сарайшық, Қалдаяқов, Байтұрсынов, Тәшенов көшелерінің бойында орналасқан тұрғын үйлерде ыстық су тоқтатылады.
Кәсіпорындар мен ұйым басшылары, ПИК, ӨК төрағалары осы ұйғарымға сәйкес ыстық сумен жабдықтау желісін ажыратып, екі күн бойы кезекшілік ұйымдастыруы қажет. Жылу жүйесіндегі барлық жұмыстар тоқтатылуы керек.