Астананың бірқатар көшелері қала күніне дейін жөндеуден өтеді
16-туған күнін тойлағалы отырған Астананың қысқа мерзімде дамыған, экономикасы тұрақталған ірі мегаполиске айналып шыға келгеніне күллі әлем куә болды. Елорданың алдағы уақытта атқарар міндеті зор. Арғысын айтпағанда, еліміздің әр аймағынан 100 мыңнан астам адам жинайтын қала күні ерекше сән-салтанатпен өтуі тиіс. Ал, қала тұрғындары мен қонақтарының жүріп-тұруы ыңғайлы болуы үшін тақтайдай тегіс жол, қауіпсіз әрі көгалдандырылған көше керек.
Былтыр ғана қала көшелері күрделі жөндеуден өтіп, көшелер кеңейтіліп, бірнеше шақырым жол салынған еді. Бүгін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов 14 көшені аралап көріп, мердігерлік құрылыс ұйымдарының жұмыс барысымен танысып, бірқатар тапсырмалар берді.
Жаңа жол салу, тұйық жолдарды ашу, қала маңындағы аймақтарды жол инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жұмыс кестесінен түспейтін мәселе. Жұмыс барысын жіпке тізіп түсіндіріп, қала басшысына есеп берген мердігер құрылыс ұйымдарының басшылары жұмысты 1 шілдеге дейін аяқтауға уәде берді.