Астананың блокбекеттеріндегі қызметкерлер үшін ақша жиналып жатқан жоқ – комендант

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы-елорда коменданты Ержан Сәденов төтенше жағдай режимі кезінде ел тыныштығын күзетіп тұрған полицейлер мен басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін қаражат жинап, азық-түлік әкелудің қажеті жоқтығын еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астананың блокбекеттеріндегі қызметкерлер үшін ақша жиналып жатқан жоқ – комендант

«Төтенше жағдай режимі жарияланған күннен бастап полицейлер, ҚР Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері тәулік бойы жұмыс істеуде. Қала тұрғындары тәртіп сақшыларына азық-түлік әкелуде. Қамқорлық танытқан азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Қала комендатурасы барлық қызметкерді толық көлемде қажетті заттармен, оның ішінде 3 мезгіл ыстық тамақпен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп жатыр. Жұмыс ауысым бойынша ұйымдастырылуда», - деп жазды Ержан Сәденов Facebook-парақшасында.

Оның айтуынша, тәртіп сақшыларының денсаулық жағдайы медицина қызметкерлерінің ерекше бақылауында.

«Қала комендатурасы шот ашып, қаражат жинамауға және ыстық тамақ (шай және тағы басқа) алып келмеуге шақырады. Сондай-ақ блок-бекеттердегі қызметкерлерге көмек көрсету үшін қаржы жиналатыны жөнінде әртүрлі сипаттағы ақпараттарға сенбеңіздер», - дейді ол.