Астананың ботаникалық бағы туралы бейнеклип жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресми ашылуына санаулы күндер қалған Астананың Ботаникалық бағы туралы Youtube желісінде бейнеклип жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бейнематериал Youtube-тің Urban Sky арнасына жүктелген және түсірілім жұмыстары квадрокоптермен жүргізілген .
Еске сала кетсек, аумағы 100 гектарды құрайтын нысан құрылысы 2016 жылы басталды және 2018 жылдың 1 шілдесінде Ботаникалық бақ алғашқы келушілерін қабылдай бастайды.
Ботаникалық баққа қайың, терек, үйеңкі, арша, маньчжур жаңғақ талы, Сібір самырсыны, қарағай, боз арша, мойыл сынды 94 мың ағаш отырғызылады.
Жобаны жүзеге асыру аясында дөңгелек алаң (кіру аумағы), жабық жылыжай, жасанды су қоймасы, ақпараттық орталық және жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарланған.
Сондай-ақ, мұнда ғылыми талдамалар, танымдық, оқу-ағартушылық, көңіл көтеру, экологиялық және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары ботаникалық баққа жыл бойы үздіксіз келе алады.