Астананың элиталы тұрғын үйлері жарықсыз қалғанына тәуліктен асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана-РЭК» мамандары екі тұрғын үй кешенін энергиямен қамтамасыз ететін үлестіру пунктіндегі апатты жоюмен айналысуда.

Астананың элиталы тұрғын үйлері жарықсыз қалғанына тәуліктен асты

Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Астана-РЭК» АҚ-ның хабарлауынша, 5 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 23:53-те екі тұрғын үй кешенін («Итальянский квартал» және «Городской романс») электр энергиясымен қамтамасыз ететін 187-үлестіру пунктіне қуат жеткізетін екі жоғары вольтты кабель істен шықты. Апатқа қысқа тұйықталу себеп болған.

«Қазіргі кезде мамандар апат салдарын жойып, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Желінің осы бөлігінде кабельдер жиі ұрланатындықтан кабельдің бүлінген бөлігін анықтау мүмкін болмай отыр. Бүгінде аталған энергия шаруашылығы және ҮП-187 қалалық желілердің балансында жоқ. Нысандардың иесі - «БазисИнвестСтрой» компаниясы. Кабель желісінің ұзындығы 2,5 км құрайды», - деп хабарланды әкімдіктен.

«Астана-РЭК» мамандары тұрғын үй кешендерінің жалпы қажеттіліктері үшін жедел түрде дизельдік генераторлар орнатты. Мұнымен қоса, тиісті қызметтер апатты жою бойынша барлық шараларды қабылдауда. Осы мақсатта барлық жеке құрам мен техника, жабдықтар тартылған. Қазіргі кезде жұмыстар жалғасуда.