Астананың ең дарынды оқушысы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған қалалық білім беру мекемелерінің оқушылары арасында«Көшбасшы оқушы» атты зияткерлік сайыс өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астананың ең дарынды оқушысы анықталды

Конкурс тақырыбы: «Астана - Ұлы дала елордасы». Байқаудың іріктеу кезеңінде тест қорытындысы бойынша жоғары ұпай жинаған 12 оқушы конкурстың финалында бақ таластырды.

«Бұл конкурс жыл сайын өткізіледі. Біздің жастар өте білімді, зерек және өте талантты. Олар түрлі олимпиадаларға, жарыстарға қатысып жүлделі орындар алады. Үйренуге, жетістікке жетуге тырысыңдар, кейінгі ұрпаққа үлгі болыңдар», - деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева.

Катысушылар білімін ортаға салып, ой-өрісінің кеңдігін, шешендік қабілетін көрсетті. Конкурс жеңімпаздары дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені қанжығасына  № 81 «Astana English School» гимназиясының оқушысы Аружан Отарбекова байлады.