Астананың халықаралық дәрежеде таныстырылғанына тура 20 жыл толды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Қазақстан Республикасының жаңа астанасы ретінде халықаралық таныстырылымының өткеніне бүгін тура 20 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетерлігі, 1999 жылдан бастап 2005 жылға дейін дәл осы 10 маусым - Астананың туған күні ретінде тойланып келген болатын. Тек 2006 жылдан бастап Астана күнін бүкіл қазақстандықтар 6 шілдеде тойлайтын болды. Нақтырақ айтқанда, 1994 жылы дәл сол 6 шілде күні ел астанасын Алматыдан Астанаға (Целиноград, бұрынғы Ақмола) көшіру туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының Парламент отырысында айтылған еді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі жайлы ең алғашқы ресми тарихи-биографиялық зерттеу кітабында ел астанасын ауыстыру туралы Жарлықтың түпнұсқаларының көшірмесі көрсетілген. Жарлық 1997 жылдың 20 қазанында жарияланған еді. Ол құжатта Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп 1997 жылдың 10 желтоқсанынан жариялау туралы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының астанасы ретінде Ақмола қаласының ресми таныстырылымын өткізуді 1998 жылдың 10 маусымына белгілеу туралы Президент қаулысы қамтылған.
Осылайша, 1997 жылы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы болып ресми түрде жарияланды. Ал 1998 жылы 6 мамырда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ақмола қаласын «Астана» деп атау туралы Жарлық шығарды. Елбасының Астана идеясының жүзеге асу барысына орай сол кездегі қала әкімі Әділбек Жақсыбеков былай деп еске алады:
«Бір күні Елбасыны ұзақ сапардан күтіп алдық. Тура әуежайда Премьер-Министр екеуімізді машинасына отырғызып алды. Елорда атауын өзгерту туралы ойдың піскен кезі. Кездесулерде де бұл туралы айтып жүрген. Біраз үнсіз отырып... «Мүмкін, Астана деп атармыз? Қанатты сөз сияқты. Болашаққа деген талпынысымыздың символы болар еді» деді. Әдеттегідей, Президенттің сөзінен кейін біз біраз үнсіз қалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы «Бүгін резиденцияға келіңдер. Сонда сөйлесеміз» деді. Кешке әңгіме жалғасты. Астана үшін Президент бірнеше мысалдар келтірді. Бірақ заң бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауы керек болатын. Қолдау көрсетілді де. 1998 жылғы 6 мамырда қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы біржақты шешім қабылдады».
Бұдан кейінгі кездері де Астананың қала мәртебесіне сәйкес жаңғырту жұмыстары жалғасын тапты. Ал 1998 жылы 10 маусымда ресми түрде жаңа астананың халықаралық тұсаукесер тойы болып өтті.
Халықаралық дәрежеде атауы алты құрлыққа жария етілген Астана араға 20 жыл салып бүгін де әлемдік дәрежедегі шаһарлардың біріне айналды. Еуропа мен Азияның арасына алтын көпір салып жатқан елорда Қазақ елінің айбыны ғана болып қоймай, инфрақұрылымын, экономикасы мен «жасыл» технологиясын дамытуға ден қойған бірегей қала болып отыр.