Астананың инженерлік желілерінің 3D-форматтағы үлгісі жасалуда
АСТАНА. 13 шілде. ҚазАқпарат - «3D технология құзыретіндегі орталықта» Астананың инженерлік желілерінің 3D-жобаларын жасау жұмыстары жүргізілуде,
деп хабарлады «Astana Innovations» компаниясының баспасөз қызметінен pm.kz сайтына.
«Бұл 3D-жобалар жер жұмыстарын жүргізу үдерісін жеңілдетуге және оңтайландыруға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
«Astana Innovations» компаниясының жанындағы «3D технология құзыретіндегі орталықта» инженерлік желілерді ғана емес, сәулет құрылыстары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды 3D-форматта жобалауға мүмкіндік беретін зертхана жұмыс істейді.
Орталықтың инновациялық мүмкіндіктері жаңа технологияларды медицина саласында да қолдануға мүмкіндік береді, мысалы күрделі хирургиялық операцияларды жасамас бұрын, оны 3D-форматта тексеріп көруге болады.
«3D технология құзыретіндегі орталық» - Астана әкімдігі мен шетелдік серіктестердің бірлескен жобасы. Шетелдік әріптестердің қатарында Фраунгофер атындағы Өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру мен автоматтандыру институты бар.
«Бұл - өте маңызды және жоғары технологиялық жобалардың дамуына қолдау көрсететін жоба. 3D-технологиялар қазір нақты инженерия үшін өте қажет, және дүниежүзі бойынша барлық компаниялар өз өндірістеріне 3D-технологиялар енгізуде. Тіпті Германияда жас студенттер өзі оқуларын осы технологияның көмегімен бастайды - бұл қазіргі заманның қажеттілігі», - деді Фраунгофер институтының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, профессор Бургхард Шилль pm.kz сайтына берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетейік, «3D технология құзыретіндегі орталықты» құру жобасы Астананың инфрақұрылымын жаңғыртуға негізделген «Smart Astana» жобасының аясында іске асырылуда. Бұл жоба орталықтандырылған басқарудың жаңа мүмкіндіктерін, сервистің жаңа деңгейін жасауға және қала тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталып отыр.