Астананың ірі автожолдарында кептелістерді азайту үшін Ш. Бейсекова көшесі толығымен қайта жөнделеді
АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - Н.Тілендиев даңғылынан Қорғалжын күрежолына дейінгі аралықтағы Ш. Бейсекова көшесін толық жөндеуден өткізу
Сарыарқа, Республика даңғылдары мен Уәлиханов көшесі сияқты ірі көлік магистральдарындағы кептелістер қиындығын шешуге мүмкіндік туғызады. Бұл туралы Астана қаласының ресми сайтына Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан мәлім етті.
«Аталған автожол учаскесінің құрылысын жүргізуді елорда әкімдігі 2013 жылы жоспарлап отыр. Ол Астана қаласының айналма жолдарының кіші шеңберіне кіреді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, бүгінгі күні белгілі бір көлік магистральдарындағы жүктемелерді азайту мақсатында Басқарма бағдаршам тұсындағы көлік шоғырланып қалатын 19 көше қиылысын қайта жаңарту жобасын әзірледі.
2012 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында көше қиылыстарында: Сарыарқа даңғылы мен Абай даңғылында жолдың оң жағын кеңейту жұмыстары жүргізілді.