Астананың қар тазалайтын техникасы сақадай сай
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана тазалық» ЖШС директорының орынбасары Марат Сүлейменов қысқа қала көшелерін қардан тазалауға қандай дайындық жүргізгендерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2018-2019 жылғы қысқы кезеңде дайындық аясында көшелерді тазалаудың 14 бағдары құрылды. Техникаларға маусымдық техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілді, қысқы арнайы қондырғылар орнатылды. Көктайғаққа байланысты «Астана тазалық» серіктесі 28 мың текше метр құм-тұз қоспасын және 100 тонна реагент әзірледі. Көшелерді қолмен жинауға арналған қысқы құрал-жабдықтар мен жұмысшыларға қысқы арнайы киім сатып алынды»,- деді ол.
Оның дерегінше, 2018-2019 жылғы қысқы кезеңде қар жинауға 330 жол жұмысшысы мен 470 техника жұмылдырылатын болады.
«Оның ішінде 106 сыпырғыш техникасы, 230 самосвал, 38 табанды артқыш, 17 көлбеу тиегіштер, 20 автогрейдер, 26 құм шашқыш, 10 ротор, 23 жаяу жүргінші жолын тазалайтын техника дайындалды. Хабардар ету, ақпарат жинау және өңдеу үшін жедел байланыс диспетчерлік пункті қызмет етеді. Сонымен қатар GPS навигациялық бақылау құралының көмегімен техника жұмысын қадағалайтын бөлім жұмыс істейді», - деді Марат Сүлейменов.