Астананың қай аудандарында интернет сапасы нашар

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов елордадағы интернеттің сапасы туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Біз заңнама деңгейінде бекітілген байланыс сапасының сәйкестігін тексереміз және қазір нақты проблемалық аумақтарды білеміз. Астана бойынша бұл – Ханшатырдың арты, «Манхеттен» ТК, Барыс Арена және спорт кластерлерінің айналасы. Бұл жердегі үлкен проблема – радиофобия болып отыр. Онда біз әкімдікпен бірлесіп, жүйелі шешім табуға тырысамыз. Егер базалық станцияны қандай да бір нақты үйге орнату мүмкіндігі болмаса, жер учаскесін немесе тұрғын үй кешенінің арасына орнату мүмкіндігін іздейміз немесе оған дейін базалық станцияларды орналастыратын антенна-діңгек орнату мүмкіндігін қарастырамыз», - деді Ержан Мейрамов ведомство алқасының кеңейтілген отырысында.

Спикердің айтуынша, мұнда заңнамалық мәселе де бар.

«Өкінішке қарай, бізде заңнама мәселесі бар. Тұрғын үйде кем дегенде бір радиофоб болса да оның пікірі ескеріледі. Бізге заңнаманы өзгерту қажет, онда бір адамның пікіріне байланысты халықтың қалған бөлігі зардап шекпеуі керек деген түзетулер болады. Сондықтан депутаттар арқылы түзетулерді ұсындық», - деп атап өтті Е. Мейрамов.

Айта кетейік, елордада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті, онда министрлік жетекшілік ететін бағыттардағы жұмыстың қорытындылары мен басымдықтары талқыланды.


Соңғы жаңалықтар