Астананың Кедендік бақылау департаментінің 2 қызметкері жұмыстан шығарылды - аттестаттау нәтижесі
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінде (КБД) құқық қорғау органдары қызметкерлерін кәсіби жарамдылыққа тексерудің қорытындысы шығарылды.
Өңірлік аттестациялық комиссия қалалық КБД-нің контрабандаға қарсы күрес және жедел-кезекшілік қызметі бөлімшелерінің 53 қызметкерін аттестациядан өткізді. «Нұр Отан» ХДП, «Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы және БАҚ өкілдері комиссияның жұмысына байқаушы ретінде қатысты. Сондай-ақ олардың қатарында кеден қызметінің ардагерлері болды.
Нәтижесінде 39 қызметкер қызметіне лайық деп танылды. 9 қызметкер кадрлық резервке алынуға немесе қызметін жоғарылатуға ұсынылды.
2 қызметкер қызметіне лайық емес деп танылып, кеден органынан шығарылды. 1 қызметкер қызметін төмендетуге ұсынылса, тағы екеуі алып отырған қызметіне лайық емес деп танылып, басқа қызметке (лауазымға) ауыстырылуға ұсынылды.
Сондай-ақ бұған дейін Орталық аттестаттау комиссиясында астаналық департаменттің 7 қызметкері аттестациядан өткен болатын.
Олардың біреуі қызметіне лайық деп танылып, кадрлық резервке алынуға немесе қызметін жоғарылатуға ұсынылды. 3 қызметкер қызметіне лайық деп танылды, қалған үшеуі қызметіне лайық емес деп танылып, басқа қызметке ауыстырылуға ұсынылды.