Астананың көлік жуу орталығында екі күн жұмыс істеген жігіт қымбат көлікті ұрлап кетті
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Тараз қаласының 21 жастағы тұрғыны өзі жұмыс істейтін орыннан «Тойота Ленд Крузер» көлігін айдап кетті.
Бұл туралы Астана қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Оқиға кеше, 26 наурыз күні таңертеңгі сағат 9 шамасында болды. Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығына көлік жуатын орыннан «Тойота Ленд Крузер 100» көлігінің ұрланғандығы туралы хабар түсті. Сағат 11 шамасында ұрланған көлік «Қызылжар» стационарлық бекетінде көзге түскен.
Алайда, көліктің жүргізушісі жол полициясы қызметкерлерінің оны тоқтатпақ болған әрекеттерін көзге ілместен, Теміртау қаласына қарай бағыт алған. Ол сондай-ақ, Осакаровка бекетінде де тәртіп сақшыларының тоқтау туралы белгісіне қарамастан, шлагбаумды бұзып өтіп, екі көлікті соғып кетеді. Ақырында күдікті көлік Теміртау қаласының бекетінде тоқтатылады. Оның рөлінде 21 жастағы Тараз қаласының тұрғыны отырды. Кейіннен мәлім болғанындай, ол көлік жуу орнына жұмысқа орналасқанына екі-ақ күн болған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.