Астананың коммуналдық қызметі күшейтілген режимге көшірілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді ауа райының қолайсыздығына байланысты қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елорданың тұрғындары мен қонақтарының назарына! «Қазгидромет» мәліметтеріне сәйкес, бүгін бізде көшпелі бұлт шығып, қар жауады және күндіз ауа температурасы 0... -2, ал түнде -5...-7 градус болса көктайғақ болуы мүмкін. Ертең де бұлтты болып қар жауады. Күндіз ауа температурасы -3... -5, ал түнде -7.... -9 градус болады. Ауа райының қолайсыздығын ескеріп қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға шақырамын», - деп жазды Әсет Исекешев Фейсбуктегі парақшасында.
Қала басшысы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге де жеке ескерту жасады.
«Көлік құралын басқару барысында жылдамдық режимі мен қашықтықты сақтаңыздар, күрт бұрылыс жасамаңыздар. Жаяу жүргіншілер бұрқасында барынша қырағылық танытыңыздар. Көшені тек жаяу жүргіншілерге арналған жерлерден кесіп өтіңіздер», - деді елорда әкімі.
Сонымен қатар ол қар тазалауға жауапты мердігер ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшкендігін жазды.
«Жолдарға арнайы техникалардың шығуына байланысты жолдың өткізу қабілетті уақытша төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты қалада қозғалғанда өз бағдарларыңызды алдын ала жоспарлауға кеңес береміз», - деді ол.