Астананың коммуналдық қызметтері ЕҚЫҰ Саммитіне сақадай дайын - Елорда әкімінің орынбасары В. Крылов

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «ЕҚЫҰ Саммитін өткізу бізге қала тіршілігін қамтамасыз етіп отырған стратегиялық нысандардың қауіпсіздігіне басқаша қарауға мүмкіндік берді». «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов осындай тұжырым айтты. Назарларыңызға сұхбаттың толық мәтінін ұсынамыз.

Астананың коммуналдық қызметтері ЕҚЫҰ Саммитіне сақадай дайын - Елорда әкімінің орынбасары В. Крылов

- Василий Леонидович, Астанадағы коммуналдық қызметтер көрсететін кәсіпорындардың ЕҚЫҰ Саммитіне дайындығы қалай?

- Астананың коммуналдық қызметтерін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындау үшін әкімдік қаладағы коммуналдық кәсіпорындармен бірге үш бағдарлама әзірледі. Қазіргі уақытта Саммитке дайындық жұмыстары солардың негізінде жүргізілуде. Бірінші бағдарлама - қауіпсіздікке қатысты, оның аясында коммуналдық қызметтер көрсететін кәсіпорындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілуде. Бұл бағдарлама бойынша қала тіршілігіне қан жүгіртіп отырған нысандар, атап айтқанда: «Астана-Энергия» АҚ (Бірінші жылу электр орталығы, Екінші жылу электр орталығы), «Астана-Жылутранзит» АҚ, «Астана су арнасы» МКК, «Астана Газ Сервис» АҚ, «Кегок» АҚ-ның бір нысаны, сондай-ақ «Нысана» және «Жылу» МКК сынды энергиямен қамтамасыз ететін орталықсыздандырылған нысандар, сондай-ақ лифтіге жауапты компаниялар қамтылған.

Екінші бағдарлама Саммитке жұмылдырылатын нысандардың, яғни қонақ үйлердің, мейрамханалардың, саммит өтетін ғимараттардың үздіксіз жұмыс істеуіне жағдайлар жасауға бағытталған. Мәселен, кез-келген қонақ үйдің инженерлік, не болмаса энергиямен қамту жүйелерінде ақау болып, істен шығып қалған жағдайда оларды шұғыл түрде қайта қосу үшін - резервті сызбаны әзірлеп қойдық. Ал үшінші бағдарлама санитарлық тазалау жұмыстарын қамтиды. Яғни осы жұмыстардың қалай атқарылып жатқандығы қатаң бақылауда болады.

- Бағдарламаның әрқайсына жеке-жеке тоқталып өтсеңіз.

- Қала тіршілігін қамтамасыз ететін стратегиялық нысандардың негізгі мақсаты - қысқы кезеңде халықты жылумен, электр қуатымен, ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету. Суды ағызу да осы міндетке кіреді. Жалпы бұндай істерге жауапты кәсіпорындардағы жұмыстар жылыту маусымы басталмай тұрып, жыл сайынғы кестелеріне сәйкес жүргізіледі. Бүгінде бұл жұмысқа қажетті қаржылар толығымен игерілді.

Мысалға, «Астана-Энергия» АҚ-ның жөндеу жұмыстарына 570 млн. теңге, «Астана-Жылутранзит» АҚ-на 197 млн. теңге және «Қалалық электр желілері» АҚ-на 66 млн. теңге жұмсалды. Әрине, бұл кәсіпорындар өздерінің тікелей міндеттерін атқарып отыр, бірақ олардың әрқайсысының қала үшін стратегиялық маңызы бар. Стратегиялық маңыз дегеніміз не? Мәселен, егер бұлардың біреуінде апатты жағдай бола қалса, қалада төтенше жағдай басталады. Қазір аталмыш кәсіпорныдардың техникалық бөлімдері мен қызметкерлері үздіксіз жұмыс жасауды қамтамасыз етуге сақадай дайын. Бірақ мұнда мәселенің басқа бір жағы бар - Саммит күндері кәсіпорындарды қандай да бір сыртқы қауіптерден сақтандыруымыз қажет. Мәселен, стансыны алатын болсақ, ол периметр бойынша қоршалуы тиіс, оған арнайы күзет қызметтерінің мамандарын жұмылдыру қажет, сыртқы ауласын бақылайтын камералар орнатып, кіріп-шығатын рұқсат қағаздарын жасау керек. Бұл - лаңкестік актілерді болдырмас үшін бүтін бір қауіпсіздік жүйесін құруды қажет ететін үлкен мәселе. Сондықтан біз бүкіл кәсіпорынның алдына қауіпсіздік жөніндегі жеке бағдарламаларын әзірлеу міндетін қойдық. Сөйтіп, бұған дейінгі 5 бақылау бекетінің саны 9-ға ұлғайтылды, сол сияқты нысандарды күзететін күзетшілер бұрын қарусыз болса, енді қаруланды. Сонымен бірге, өртке қарсы жүйелер күшейтілді. Мәселен, Екінші жылу электр орталығының стационарлық өртке қарсы бөлімі бар, ал Бірінші жылу электр орталығына Саммит күндері өрт сөндіру қызметін өзіміз қоямыз. Біз сондай-ақ, лаңкестік әрекеттердің алдында дәрменсіз «Астана-Жжылутранзит» АҚ-ның жүйелерінде де қауіпсіздікті күшейттік. Сонымен бірге, магистральда апат бола қалған жағдайда оны дереу қосалқы екінші магистральға ауыстыратын механикалық және автоматты басқаруларды орнаттық. 1 қарашадан бастап барлық стратегиялық маңызы бар нысанға өздерінің жеке күзеттерімен бірге, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де тәулік бойы кезекшілікке қойылды.

- Жылу жүйелерінің төтенше жағдайларға дайын екенін айттыңыз. Ал электр желілерінде осындай тиянақтылық бар ма? Мәселен, Саммит уақытында Тәуелсіздік сарайында жарық өшіп қалды делік...

- Әрине бар. Біз бұл мәселені де ойластырып қойдық. Мәселен, бізде энергиямен үздіксіз қамтамасыз ететін UPS жүйесі және дизельді генератор бар. Саммитке қатысушылар сыртқы жарықтандыру желісі істен шығып қалған жағдайда, бұлардың көмегімен оны сезбей де қалатындығына сендіре аламыз. Қалай дейсіз ғой? Мәселен, қандай да бір себептермен сырттан энергия беру тоқтаған жағдайда UPS жарықты бірнеше секундқа ұстап тұрады, оның артынша дизельді генератор іске қосылады. Мұндай жүйе Бейбітшілік және келісім сарайында болмағандықтан, қазір оны сатып алып жатырмыз. «Шабыт» үйінде де бұл мәселе құрылыс жұмыстары барысында шешілетін болады.

- Сонда дизельді генератордың қуаты қанша уақытқа жетеді?

- Көпке жетеді. Оны отынмен жабдықтап отырсаң болды. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Оның үстіне, біз қаладағы барлық 27 кіші электр стансыға бейне бақылау орнаттық, нысандар тәулік бойы күзетіледі. Одан бөлек, стансылардың кіреберіс есіктеріне дабыл қағатын автоматты құрылғылар орнаттық, бұл нысанға санкцияланбаған кіру әрекеті бола қалған жағдайда оның алдын-алу үшін жасалып отыр. Біз барлық мәселені пысықтап қойдық. Тіпті сұйытылған газ тиеген көліктер Саммит күндері қаланың көркін бұзбасы үшін, газ тарату жүйелеріне 25 қараша мен 4 желтоқсан аралығына дейін жеткілікті қорды жинап алу жөнінде ұсыныс жасалды.

- Лаңкестік іс-қимылдардан бөлек, қауіп төндіруі ықтимал қандай сыртқы факторларға қарсы тұруға дайындықтар жасалып жатыр?

- Әрине, бәрінен сақтану мүмкін емес және қауіп қайдан келетінін білмейсің. Сондықтан әртүрлі сақтық шараларын қарастырудамыз. Мәселен, қаладағы су құбырлары өтетін құдықтардың қақпақтары және кабельдердің ұрлануы проблемасы бар. Қалада металдарды сатып алумен заңды түрде айналысатын 23 компания бар. Қазір олар тіркеуге алынып, үйлердің аулаларындағы қаптаған «кәсіпкерліктер» жабылды. Осы тұста мынаны айрықша айтып кеткім келеді: электр желілерін, не болмаса байланыс кабельдерін кесіп, ұрлауға әрекеттенгендерді қатаң жазалар күтіп тұр.

- Стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін күшейтуге қанша қаржы бөлінді?

- Қалалық бюджеттен оған көк тиын жұмсалған жоқ. Барлық жұмыстар әр кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен жүргізілді.

- Ал бұл ертең тарифтерге әсер етпей ме?

- Жуырда Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы өздерінде қысқарту болып жатқандығын және 1 қарашадан бастап Бірінші жылу электр орталығының қарауылдарын босататынын айтты. Бірақ нысандарды күзетсіз қалдыруға болмайды. Біз бұл түйіткілді шешудің бір ғана жолын көрдік, ол - монополистерге күзет қызметтерін өз штаттарына қабылдату. Әрине, бұл тарифтердің өсіміне алып келетіндігін жоққа шығармаймыз. Бірақ басқа амал жоқ. Сондықтан біз Үкімет басшысының атына хат жолдадық. Қазір жауап тосып отырмыз. Тарифтердің өсіміне қарсы «күресушілерді» оның не үшін көтеріліп жатқаны, нысан қалай жұмыс істейтіні қызықтырмайды. Тарифті бөле жарып қарастырады. Олай болмауы тиіс. Оның үстіне Астанада электр энергиясының тарифтері республика бойынша ең төмен. Менің жеке пікірім, стратегиялық нысандар мен олардың қорғалуы бұрынғыдай мемлекеттің бақылауында қалуы керек.

- Астананың ауа-райы қытымыр келеді. Саммитке дейін қалың қар жауып, алай-дүлей боран соғып, көлік қозғалысын қиындатуы әбден ықтимал. Елордадағы көшені қардан тазартатын техникалар жұмысқа дайын ба?

- Дайын. Бұл мәселемен елордадағы үш аудан тегіс айналысуда.Біз тазартылатын аумақтарды, олардың ұзақтығын, техникалардың мемлекеттік нөмірлерін, жүргізушілердің мәліметтерін анықтап, тіркедік. Сонымен бірге қонақ үйлердің және мейрамханалардың ауласын жинаушылардың санын, олардың аты-жөндерін, арнайы киім үлгілерін, қоқыс таситын жәшіктерінің бар-жоғын, тіпті сыпыртқылары мен күректерінің түрлеріне дейін біліп, тіркеп қойдық. Көмек қажет ғимараттарға арнайы техникаларды жіберетін боламыз. Қардан тазарту машиналары қалыпты режімде тұрғын үй секторларында жұмыс істей береді. ЕҚЫҰ Саммиті қонақтары келіп-кететін уақыттары әуежайға барып-қайтатын күре жолды тазартатын машиналарды әзірлеп қойдық. Бүгінде «Астана Тазалық» ЖШС-де 259, «Астана Жасылқұрылыс» АҚ-да - 79 және «Астана Орманы» МКК-да - 67 санитарлық тазарту техникасы бар.

Біз соңғы 10 жылда болған ауа райын зерделедік. Дәл 1-2 желтоқсан күндері қар жауған екен, жаңбыр болмаған. Ең төменгі температура минус 28, ал ең жылы температура минус 2 градус шамасында болыпты. Сондықтан, жаһандық жылынуға қарамастан, бұл күндері температура плюс градусты көрсетпейтініне сенімдіміз.

- Саммит болатын «қызыл аймақты» қардан тазалау жұмыстары қалай жүргізілетін болады?

- Жұмыстар жоғарыда айтьлған сызба бойынша «қызыл аймақта» да жүргізіледі. Біздің ойымызша, бұл жерде қиындықтар туындамауы тиіс. Осы тұста қоқыстардың қала сыртына шығарылу мәселесіне тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Қазір Астанада тәулігіне 1200 тонна қоқыс шығарылады. Оның 700 тоннасы қатты-тұрмыстық қалдықтар болса, қалғаны құрылыстық қоқыстар. Бұларды тасымалдау кезінде «Тазарту» және «Техсервис» компанияларының ауыр көліктері кіріп-шығатын 135 бағытты белгіледік.

- Ал елорда көшелерін жарықтандыруға қаншылықты көңіл бөлініп жатыр?

- Көшелерді жарықтандыру жұмыстары соңғы екі жыл бойы қарқынды жүзеге асырылуда. Әрине, қазір қосымша жұмыстарды да жүргізіп жатырмыз. Атап айтқанда, жарық орнатылған діңгектердің бірінен екіншісіне өрмекшінің торындай жалғанған аспалы сымдарды алып тастап, түгел жер асты кабельдерін жүргіздік. Бұған дейін белгіленген кестеге сәйкес биыл Темір жолшылар, Силикатный, Көктал кенттерінде электр желілерін тартып, сыртқы жарықтандыруды жасадық.

- Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасасаңыз.

- ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастырып, өткізу қарсаңындағы дайындық шаралары бізге қала тіршілігін қамтамасыз етіп отырған стратегиялық нысандардың қауіпсіздігіне басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Әрине қауіпсіздік жұмыстары қашан да жоғары деңгейде жасалуы тиіс. Сөзімді қорытарда айтатыным: Астананың коммуналдық қызметтері Саммитті өткізуге толық дайын!

- Сұхбатыңызға рахмет!