Астананың коммуналдық қызметтері күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жауын суының жиналуына қатысты елорданың барлық коммуналдық қызметтері күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Қала аумағында 3 120 текше метр еріген қар суы сорғытылды және 7 070 текше метр қар шығарылды. 346 жаңбыр суы ағатын тор тазаланып, жуылды. Халық көп жиналатын 143 нысанда қардан тазарту жұмыстары уақытында жүргізілді. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы шаралар аясында қала аудандарындағы жеке секторлардан қар шығару жұмыстары жалғасуда», - делінген Астана әкімдігі сайтындағы ресми хабарламада.
Еске сала кетсек, Астанада су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұған дейін елорда әкімі су тасқынына қарсы шаралардың кешенді жоспарын бекітті. Жоспар 202 бөліктен тұрады және оларға жауапты атқарушы ретінде әкімдіктің 22 құрылымдық бөлімшесі, 8 министрлік органдары мен бөлімшелері және 2 коммуналдық кәсіпорын белгіленген.
«Астана мониторинг және жедел әрекет ету орталығының қаладағы қар тазалаудың сапасын бақылауының арқасында коммуналдық қызметтер қала аумағы мен тұрғын үй алабындағы қарды уақытында шығарып жүргенін атап өткен жөн. Рұқсат етілмеген жерде қар үйіндісін көрсеңіз, қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының 109 нөміріне хабарласыңыз немесе Facebook, Instagram желілерінде #astana109 хэштегімен жазба қалдырыңыз», - делінен қала әкімдігінің сайтында.
Фото: hicarus.ru